Екінші Екібастұз қайталана ма? Щучинскте батареялардан мазут ағып жатыр

Екінші Екібастұз қайталана ма? Щучинскте батареялардан мазут ағып жатыр
Фото: Автордан

Щучинск қаласында жүздеген халық жаппай пәтерлерінде мұздап отыр. Мүлде жылусыз қалып шырылдаған тұрғындар батареялардан мазут ағып жатқанын айтып жанайқайын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың көбі үйлерін жылыту үшін батареялардан ауа шығару үшін суды ағызбақ болған. Бірақ судың орнына мұздай батареялардан сарылдап қап-қара мазут саулап түні бойы пәтерлеріндегі мазутты сүртумен әлек болған. 
Желіде Щучинск қаласы тұрғындарының батареяларынан сарылдай ағып жатқан мазуттың фотолары мен видеолары пайда болды. 

"Щучинскте менің ата-анам тұрады. Пәтерлерінде мұздап отыр. Бәрі сөз жүзінде, іс жүзінде ештеңе де істелмейді. Степной  көшесінде біздің миллиондаған салығымызды көміп тастады. Онда кәріз болуы тиіс болған. Бірақ бәрі де қағаз жүзінде. Жылу бірнеше жылдан бері мүшкіл жағдайда. Бәрі жылытқыш қосып отырады. Бірақ ақысын үйде Ташкент болып тұрғандай сұрайды. Қар тазартылмайды. Тек негізгі екі-ақ көше тазартылады", - дейді қала тұрғыны Динара Биханова. 

Болған жағдайға пікір білдірген Бурабай ауданының әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі батареяларда пайда болуын бу қазандығында бу құбырының жарылуы себеп болғанын жеткізді. 

"Осы жылдың 3 желтоқсанында Щучинск қаласының № 12 қазандығындағы мазут ыдысында диаметрі 32 мм бу құбыры жарылды. Салдарынан қазандықтың су құбыры жүйесіне аз мөлшерде мазут түсіп, ол жылу жүйесіне таралып кеткен. Салқындатқыштың айналымы кезінде су қоспасы қазандыққа жақын орналасқан нысандардың ішкі жылу жүйесіне түсті. Оның ішінде 5 көппәтерлі тұрғын үйлер және № 8 мектеп-гимназиясы бар. Бұл қазандық "Станционный "шағын ауданын және Бурабай курорты станциясының темір жол кәсіпорындарын жылумен қамтиды. Қазіргі уақытта "Жаңа Тұрмыс 2020" ЖШС қызметкерлерінің күшімен № 8 мектеп-гимназиясы жылу жүйесін тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жылу тасымалдағыштың айналымы есебінен қазандықта мазутты бөлу жүргізіледі. Қазір жылумен жабдықтау жүйесіне таза су берілуде.  Щучинск қаласының барлық 7 қазандығы штаттық режимде жұмыс істейді. Жылу беру сыртқы ауа кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. Осы факт бойынша азаматтардың өтініштері уақытылы өңделеді. Қала тұрғындары жылумен жабдықтау сапасы мәселелері бойынша "Жаңа Тұрмыс 2020" ЖШС диспетчерлік бөлмесіне 44300 телефоны бойынша хабарласа алады", - деді Бурабай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен. 


Алайда әкімдіктің бұл жауабына қала тұрғындары қанағаттанбай отыр. Тұрғындар батареялардың радиатолары жарамсыз болып оларды ауыстыру қажеттігін айтып отыр. Әрі бұл шығынға кім жауап беретіні де тұрғындарды толғандырған. Олар болған жағдайға орай сотқа және прокуратураға арыз бермек. Тұрғындардың кейбірі тіпті аталған жағдай жылыту маусымында аса күрделі мәселелерге тіпті жылытудың мүлде тоқтап қалуына әкеліп соғуы мүмкіндігін де айтып қалды. 
"Екі күннен кейін отыз градустық аяз күтіледі. Ал адамдардың батареялары мазутпен толып тұр", "Сотқа беру керек", "Батареялар түгелдей мазутқа толған. Қаншамасын төктік. Бірақ еш өзгеріс жоқ. Жылымшы ғана жылу бар. Бұл сұмдық қой. Қалай енді оны тазартамыз?", - деп жазды тұрғындар. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы