Павлодардың экс-әкімі Қайрат Нүкенов қарындасы Салтанат Нүкенованың экс-министр Қуандық Бишімбаевпен арақатынасына қатысты жаңа дерек айтты. Оның сөзінше, бұрынғы министр үйленер алдында Салтанат Нүкеноваға "тек мешітке барып неке қидырамыз" деп шарт қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы "Көреміз" бағдарламасында айтты.
"Бір күні Павлодарға ерекше толқып келді. Өмірлік махаббатын тапқанын айтты. Жастар бір-бірін кездестірген соң, "екі жарты - бір бүтін" болуды қалағаннан кейін ата-анасы қарсылық танытпады. Бірақ Бишімбаевтың "заңды некеге тұрмаймыз, тек мешітке барып неке қидырамыз" деген бір шарты болды. Қазіргі заман сондай, еш қарсы болмадық, екеуі солай келіскен екен. Сондықтан ата-анасы мен біздің тараптан ешқандай сұрақ туындамады", - дейді Қайрат Нүкенов.
Сонымен қатар, Павлодардың экс-әкімі Қуандық Бишімбаевтың бұған дейін екі рет үйленгенінен бейхабар болғанын айтты.
"Бұл Бишімбаевтың екінші некесі екенін түсіндік, бірақ бұрын екі некеде болғанын, үшінші рет үйленейін деп жатқанын білмедік. Екінші жары Назымды тек БАҚ беттерінен танитынбыз. Бишімбаев Назыммен заңды түрде ажырасқандықтан, қарындасымыздың болашақ жарымен бас қосып, бірге тұруына ата-анасы еш алаңдамай, өз баталарын берді. Бірінші рет көргенде сырт көзге бақытты жұп секілді көрінді. Иә, Бишімбаевтың бұған дейін сотталғанын, түрмеде отырып шыққанын білдік. Бірақ ол бізге шыққан соң мейірімді, ақжарқын болып көрінді", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды. 11 қарашада Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Макияжды жумай ұйықтаса не болады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!