Ресей мен Беларуське салынған санкция: Қазақстан қиындыққа тап болды

Ресей мен Беларуське салынған санкция: Қазақстан қиындыққа тап болды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ресей Федерациясы мен Беларуське салынған санкция салдарынан қазақстандық көліктер Батыс елдеріне өте алмай жатыр. Бұл туралы көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдымен министр оң көрсеткіштерге тоқталды.

"Кейінгі жылдары автотасымалдың оң серпіні Еуропа елдерімен (экспорт/импортта) байқалып отыр. Былтыр осы бағыттарда қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 13 пайызға өсіп, 48 пайызға жетті. Бұл Қазақстан экономикасына шамамен 80 миллиард теңге қосымша түсім әкелді", - деді Сәтжан Аблалиев Үкімет отырысында.

Бірақ салады қиындықтар бар.

"Бүгін Беларусь пен Еуропа елдері арасындағы орналасқан 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық 8 өткізу пункті жабылды. Беларусь тарапының ақпараты бойынша еуропалық пункттері жалпы қуатының 40 пайызы ғана жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдай қазақстандық автокөліктердің Беларусь және Литва, Латвия шекараларында ұзақ мерзім тоқтап тұруға әкеп соғады", - деді вице-министр.

Министрдің орынбасары Қазақстан балама жол іздеп жатқанын атап өтті.

"Сондықтан жүктерді Еуропаға жеткізудің балама жолы ретінде Түркіменстан мен Иран елдерімен еркін транзитті қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргіздік. Бұл бағыттағы жүк тасымалының құны мен жеткізу мерзімінің артатынын атап өткен жөн. Бірақ аталған бағыт санкциялық жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ, Еуропа елдері Ресей мен Беларусьтегі шекараны жауып тастаған жағдайда бірден-бір балама маршрут болып саналады", - деді Сәтжан Аблалиев. 

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!