Елімізде атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар. Біраз жыл талқыланған мәселе әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Көптеген сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Алайда елімізде шетелге кетіп жатқан уранымыз бар. Сондықтан кейбір адамдар салуға әбден қақымыз бар дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Известия" газетіне берген сұхбатында АЭС салу жөніндегі шешім референдум арқылы қабылданатынын айтты.
"Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады. Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Дегенмен АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады", - деді Мемлекет басшысы.
Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының елімізде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін аумақтарды зерттеді. Зерттеу нәтижесінде атом электр станциясы құрылысы Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағында салынатын болды.
Мәжілістің кулуарында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан екі америкалық компанияның атом электр станциясын салу жөніндегі ұсыныстарын қосымша қарастырып жатқанын мәлім етті.
"Росатом компаниясы вендорлардың бірі. Росатом компаниясынан басқа, өтінімдерді француздық EDF, Корея, Қытай Халық Республикасы компаниялары берді. Сонымен қатар біз екі америкалық компанияның ұсыныстарын қосымша қарастырамыз. Олар - General Electric және NuScale", - деді ведомство басшысы.
Министрлік АЭС-ті сәтті салған алпауыттардың "шорт-тізім" жасады:
Қарастырылып отыр:
АЭС. Референдумға қанша ақша жұмсалады?
Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АЭС салуға қатысты референдум басқаша өтуі мүмкін екенін айтады.
"Орталық сайлау комиссиясы (АЭС салу бойынша - еск.) референдум өтеді деп мәлімдесе, алдымен олар бюджет процесіне сәйкес бізге тапсырыс береді: осынша қаражат керек, осынша аумақта сайлаушылар комиссиясы ұйымдастырылады. Бұл бұрынғыдан (рефередумнан - еск.) аз болуы мүмкін. Басқаша әдістер қолданылуы ықтимал... Үлкен қаражат керек деп ойламаймын", - деді Жамаубаев мәжіліс кулуарында.
АЭС салуға қанша қаражат кетеді?
Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың сөзінше, АЭС құны инфрақұрылымын кеңейту, жер сілкінісіне қауіпсіздігін күшейту сынды көптеген факторға байланысты өзгеріп тұрады.
"Оған нақты қанша қаржы жұмсалатынын айту мүмкін емес. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде екі энергия блокқа 10-12 млрд доллар етеді. Мұндай тәжірибеде бар", - деді ол.
Атом энегетикасын неге салуымыз керек?
ҰҒА академигі, профессор Бірлеспек Алияров бұрын атом станциясын салуға қарсы болғанын кейіннен өзгергенін айтты.
"Өйткені қазір заман өзгерді. Энергия көзін алатын дүниелер қымбаттап жатыр. Тоннасына кемі 200 доллар төлеу керек. Екіншіден, атом станциясынан ешнәрсе оза алмайды. Атом электр станциясын салуға екі себеп бар. Біріншіден, елімізде қазір энергия тапшылығы бар, екіншіден, халық тұтынатын көмір, отын және басқа да баламалы энергия көздерін үнемдеуіміз керек. Халық арасында атом электр станциясын кім салады деген қорқыныш бар. Дегенмен қазіргі таңда бірнеше елді қарастырып жатырмыз. Өз басым Франция салса деп ойлаймын. Себебі олардың жұмыстарынан кемшілік болған жоқ. Атом электр станциясын кім салатыны әлі белгілі болған жоқ. Сол себептен мына ел салады деген жел сөзге ерудің қажеті жоқ, " - деді Алияров.
Профессор АЭС ГРЭС-2 деген жерге салынғаны жөн деп санайды.
"Себебі маңында станциялар мен су бар. Халық арасында атом электр станциясын салу қауіпті деген ой бар. Дегенмен тереңірек ойланса, еліміздің экономикасына орасан зор пайда әкелетінін естен шығармаған жөн ", - дейді Бірлеспек Алияров.
Келешекте Балқашқа қауіп төнбей ме?
Мәселені "Қазақстандық Атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин осылай деп түсіндірді.
"Атом электр станциясын саларда Балқашқа төніп тұрған қауіп жоқ. Көлдің суы буланып кетеді деген жел сөз пайда болды. Бұндай әңгіме түсінбеушіліктерден пайда болды деп айтар едім. Себебі атом электр станциясында су екі жерде қолданылады. Біріншісі - ішкі айналымда, екіншісі - сыртқы айналымда. Ішкі айналымда су шықпайды. Кірген су ішіне жел береді. Ал сыртқы айналым кәдімгі көмір, отын жағатын станциямен бірдей. Суда булану болады, бірақ артық булану жоқ ", - дейді спикер "АЭС –дұрыс таңдау" атты конференцияда.
Ол электр энергетикасы саласындағы күрделі ахуал ел экономикасы мен бизнесінің дамуына кедергі келтіретінін атап өтті.
"Жаңа ірі жобалар, өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосыла алмайды. Ал қолданыстағы зауыттар күні кешегі Маңғыстау мен Атыраудағы сияқты апаттық ажыратудан зардап шегіп, қыруар шығынға батады. Бұл отандық өнімдердің жаһандық нарықтағы бәсекеден ұтылуына, шетелдік ірі тұтынушыларын жоғалтуына әкелмек ", - дейді Тимур Жантикин.
Росатом АЭС-тің екі блогын салып бергісі келіп отыр
"Росатом Орталық Азия" басшысы Сергей Громов Қазақстанға атом электр станциясының екі блогын салып беруді ұсынып отыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады. Бұл республикаға жетіспейтін 20 пайыз электр энергияның орнын толтыра алады.
Бұл туралы "Росатомның еншілес кәсіпорны" "Росатом Орталық Азия" ЖШС бас директоры Сергей Громов "Ядролық энергетика – атом энергиясы" атты дөңгелек үстел барысында айтты, – делінген ақпаратта.
Жасұлан Ордабаев
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз