"Дәл қазір аденовирус өршіп тұр". Қазақстандық көз дәрігері аденовирустық конъюнктивиттің вирустық аурулармен байланысын айтты

"Дәл қазір аденовирус өршіп тұр". Қазақстандық көз дәрігері аденовирустық конъюнктивиттің вирустық аурулармен байланысын айтты
Фото: Жеке архив

Көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары елімізде аденовирустық конъюнктивит немесе халық арасында "көз тұмауы" деп аталатын аурудың өршіп жатқанын мәлімдеді. Бұл қандай ауру, оның алғашқы белгілері қандай, инфекция қалай таралады? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне Көз аурулары Қазақ ҒЗИ бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары, жоғары санатты офтальмолог-дәрігер Ботагөз Ысқаққызы жауап берді.

Аденовирустық инфекция әдетте конъюнктивит, яғни көздің шырышты қабығының қабынуын тудырады.

Инфекция қалай таралады?

Маманның сөзінше, бұл вирус ауа тамшылары арқылы таралады деп айтылғанымен, ол нақты байланыс болғанда ғана, қол, үстелдің беті, заттар арқылы жұғады.

"Мысалын, көз тұмауымен ауырып жүрген адам қолымен көзін қасып, кейін белгілі бір есіктің тұтқасын ұстаса, тұтқада қалған вирус артынша сол есікті ашқан сау адамның қолына жұғады. Сау адам инфекция жұққан қолымен көзін ұстаған кезде ол да аденовирустық конъюнктивит ауруына шалдығады. Инфекция осылай таралады", - деді офтальмолог. 

Алғашқы белгілері қандай?

Ауру өзін көздің қызаруы немесе айқын қызыл көздер, бұлыңғыр көру, таңертең қабақтың бір-біріне жабысып қалуы, яғни көзден ірің секілді шырыш бөлініп, кірпіктердің жабысып, ашылмауы секілді бастапқы белгілермен көрсетеді.  

Аденовирустық конъюнктивит әдетте бір көзден ғана байқалады, кейінірек, 3-4 күннен кейін екінші көзге өтеді. Бір көздің ғана қызарып, шырыш бөлуі сирек кездесетін жағдай. Ботагөз Ысқаққызы аурудың жұптасып екі көзге бірдей әсер ететінін айтты. 

Аденовирустық конъюнктивиттің қарапайым формалары бар, егер адамның иммунитеті жоғары болса, ауру бір апта ішінде өздігінен, ешқандай емсіз өтіп кетуі мүмкін. 

Алайда ауру асқынып кетуі де мүмкін. Егер ауру асқынса, инфекция көздің терең бөліктерін зақымдайды. Бұл көру қабілетінен айырылуыға әкеп соқтыруы ықтимал. Тіпті кейде мүйізді қабықтың жарасы дамып, көру қабілеті нашарлайды және тыртық қалады.

Конъюнктивитті қалай емдеу керек?

Көз аурулары Қазақ ҒЗИ бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары ауру асқынып, осындай салдарға әкеп соқтырмауы үшін алғашқы белгілерді байқаған кезде бірден көз дәрігеріне бару керегін ескертті. Өйткені, бұл иммундық ауру, жалпы аденовируста аллергиялық реакция күшейеді, сондықтан адам ағзасы бұрын төзген инфекцияға, бұл жолы төтеп бере алмауы мүмкін.

"Аденовирустық конъюнктивитпен ауырған кезде үй жағдайында өзін-өзі емдеудің қажеті жоқ. Бірақ бұл өте жұқпалы ауру екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан біз конъюнктивитпен ауыратындарды кешкілік уақытта қабылдауға тырысамыз. Кешке оларды толық қарап, кеңестен кейін бөлмені тазалап алуға мүмкіндігіміз болады", - дейді жоғары санатты көз дәрігері. 

Конъюнктивиттің қалай алдын алуға болады?

Дәрігердің айтуынша, аденовирус коронавирус секілді респираторлық вирустар санатынан, сондықтан алдын алу шаралары коронавируспен бірдей.

"Жалпы бұл вирустың мінез-құлқы коронавирустың тактикасына ұқсас болғандықтан, алдын-алу шаралары да бірдей. Яғни, қолды сабынмен жуып, үстелдің беттерін арнайы өңдеу керек. Вирус үстел бетінде, телефон, тұтқада белгілі бір сағат өмір сүре алады. Елде коронавирус тарап, карантин болған кезде бізге таза емес қолды ауызға жақындатпау керегін айтса, мұнда қолды көзге тигізбеу керек", - деп түсіндірді маман.

Ботагөз Ысқаққызы аденовирусқа қарсы вакцинаның жоғын, бәрі иммунитетке байланысты екенін еске салды. Адам аденовируспен өмірінде немесе жылына бірнеше рет ауыруы мүмкін. 

Бұл аурумен көбінесе балалар, қарттар және жүкті әйелдер ауырады. Егер отбасының бір мүшесі аденовирустық конъюнктивитпен ауырса, инфекцияның қалғанына жұғу ықтималдылығы жоғары. Сонымен қатар, көз дәрігері бұл вируспен ауырып жатқан баланы балабақшаға, ересек адамды жұмысқа жіберуге болмайтынын ескертті.

"Аденовирустық конъюнктивитпен ауырып жатқан адам үйде карантинде жатуы тиіс. Орта есеппен бір аптадан екі аптаға дейін, кемінде 10 күн сыртқа шықпағаны абзал. Егер ауырып жатқан бала балабақшаға барса, ол балабақшадағы барлық балаға ауру жұқтырады. Бұл инфекция тура коронавирус секілді, мұнда тек көзбен байланысты", - деді медицина ғылымдарының кандидаты.

Коронавирус кезеңінде Көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институты аденовирусқа қатысты зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде аденовирус респираторлық вирустармен бірге өршитіні анықталған. Ғалымдар мұрағат деректерін зерттеп, 2000 жылдары SARS, MERS, құс тұмауы секілді респираторлық вирус өршіген кезде аденовирустың да таралу пайызы жоғарылағанын байқаған. Бұл ақпаратты Ботагөз Ысқаққызы бөлісті.

"Коронавирус кезеңінде біз әрбір жаңа штаммның пайда болуы, коронавирус, қызылша ауруының өршуі аденовируспен бірге жүретінін байқадық. Эпидемия, әдетте, вирустық инфекциялардың өршуі кезінде байқалады, ал дәл қазір аденовирустық конъюнктивит өршіп тұр", - деп қорытындылады Ботагөз Ысқаққызы.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қызылша ауруы өршіп жатқаны хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Босанғаннан кейін ішті қалай кетіруге болады?

 Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә