"2 млн теңге қарыз". Алимент төлемей жүрген азамат қамауға алынды

"2 млн теңге қарыз". Алимент төлемей жүрген азамат қамауға алынды
Фото: atr.sud.kz

Атырау облысы Махамбет аудандық соты үш баласына алимент төлемей жүрген азаматты қамауға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.

Махамбет аудандық сотында ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігімен (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы  іс қаралды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның алимент бойынша 2 миллион теңгеден астам қарызы жиналып қалған.

"Соттың 2022 жылғы 18 наурыздағы сот бұйрығына сәйкес, борышкерден кәмелетке толмаған үш баласын асырап-бағу үшін айлық табысының және өзге де кірісінің тең жартысы мөлшерінде алимент өндірілген. Алайда ол сот бұйрығын орындамай, алимент төлемеген. Соның салдарынан оның  алимент бойынша берешегі 2 млн 75 мың 862 теңгені құраған. Сот отырысы барысында алимент боынша берешегі бар әке кінәсін мойындады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Сот қаулысымен ол  ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы