"Мұсылман жолымен некемізді қидырдық". Нұрсұлтан Назарбаев екінші әйелімен қалай танысқанын айтты

"Мұсылман жолымен некемізді қидырдық". Нұрсұлтан Назарбаев екінші әйелімен қалай танысқанын айтты
Фото: Коллаж

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" атты кітабы жарық көрді. Кітапта ол екінші әйелі Әсел Исабаевамен қалай танысқаны, артынан қалған мұрагерлері туралы айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананы ауыстырғаннан кейін өзін жалғыз сезінген. 

"Жұмыстан қажып келгенде отбасының бір шәугім шайды шүйіркелесіп ішкенін аңсайсың. Жүрегің жабығады. Жан жылылығын, сырласатын адамды іздейсің. Сөйтіп жүргенде… Бір жолы Талдықорғанға бардым. Өңірлерге ондай сапарларда мемлекет басшысы траптан түскенде гүл шоғымен қарсы алатын. Ондай рәсімге сол өңірдің көз тартар көрікті бойжеткендерін таңдайтыны белгілі ғой. Көзіміз де, көңіліміз де үйренген. Көз суарып, көңіл бітеумен тынасың. Әйтсе де сол жолғы әсерім бөлекше. Әуежайда гүл шоғын ұсынған бойжеткен аса әдемі еді. Оттай жанған жанары да, аппақ жүзі де, талшыбықтай мүсіні де көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді. Сондайда, ақын Қадырдың сөзімен айтқанда, "жүректі жетпісте де қартайтпаған, сезімді сексенде де ортайтпаған" сері Ғабеңді және де мұндай жағдайды басынан кешкен басқа да белгілі тұлғаларды қалай еске алмассың? Ұлы Гете жетпістің екеуіне келгенде он сегіз жастағы Ульрикаға ғашық болған жоқ па еді? Ульрика да ақынның сол уыз сезімін өмір бойы (ол өзі 96 жас жасапты) жүрегінің терең түкпірінде аялап, тек сол адамды сүюмен, сағынумен өткен жоқ па еді? Адамзатқа Гетенің ақырғы махаббатынан туған ғажайып ғазалдар қалды. Мұндай мысалдар жеткілікті", - деді ол. 

Оның айтуынша, Талдықорған әуежайында қарсы алған әдемі қыз - "Қазақстан аруы" конкурсында бас жүлде алған ару.

"Арада біраз уақыт өтті. Мені Талдықорған әуежайында қарсы алған әдемі қыз ойыма орала берді. Күндердің күнінде оны табудың сәті аяқастынан түсе кетті. Газеттегі бір фото көзіме оттай басылды: Астанада "Қазақстан аруы" конкурсы өтіп, бас жүлде - Гран-приді сол қыз (есімі Әсел екен) жеңіп алыпты… Енді оны іздеу қиынға түскен жоқ. Таныстығымыз жарастыққа, жарастығымыз жақындыққа ұласты. Бара-бара жүйелі түрде жолығуға айналдық. Әселдің бойынан да, ойынан да өзім іздеген көп қасиет таптым. Ең бастысы - жылдар бойғы жан жалғыздығынан арылдым. Әңгімені ұзарта беріп қайтейін. Мұсылман жолымен некемізді қидырдық", - деп жазылған кітапта.

 Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек