"Әкімдік мәселемізге мән бермейді". Алматының іргесіндегі ауыл тұрғындары жарықсыз отыр

"Әкімдік мәселемізге мән бермейді". Алматының іргесіндегі ауыл тұрғындары жарықсыз отыр
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Алматы облысына қарасты Алмалыбақ ауылының тұрғындары 2 жылдан бері электр желісінен қиындық көріп келеді. Тұрғындардың айтуынша, жеке меншікке тиесілі трансформатор бір күнде 10 шақты рет өшеді екен. Салдарынан бұқараның техникасы күйіп, қып-қызыл шығынға батқан. Ал ағайынның талабын ескермей, хабарласқан адамның нөмірін бұғаттап жүрген трансформатор иесі жауапкершілікті сезінбейтін көрінеді. Сондай-ақ, бұл ауылға жол салынбақ түгілі көшесінің атауы да берілмепті. Мәселесін ми батпақ үстінде айтқан ағайынның арызын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Қаладан 10 минуттық жерде орналасқан ауыл инфрақұрылымнан жұрдай. Жарық пен ауыз суды тұрғындар өз есебінен жүргізіп мемлекет тарапынан ешқандай көмек болмаған. Алайда жеке кәсіпкерге 300 мың теңгеден төлеп қостырған жарықтары 3 сағат ішінде 5 мәрте өшіп мезі еткен.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

"Мен бұл жерде екі жылдан бері тұрып жатырмын. Электр желісі мен су кіргізгеніміз үшін 400-ден аса адам 600 мың теңгеден төледік. Бірақ 2 жылдан бері электр желісі жөнді жұмыс істемейді. Соңғы күндері 3 сағаттың ішінде 5 мәрте электр желісі өшеді. 3 бала шағам қанша күннен суық үйде отыр. Анам ауырады. Оның бәрі оңай ақша емес. Күйген техниканың кредитін төлейміз деп қарызға батып кеттік. Жарықтың жиі өшуінен күйген техникада есеп жоқ", - дейді Алмалыбақ ауылының тұрғыны Айнұр Ғалымова.

Ауылдың жарығы өшсе үйдің жылуы азаяды. Себебі жылу жүйесін айналдыратын сорғы электр тогымен жұмыс істейді. Салдарынан қысым көтеріліп тұрғындардың пеші жарылып жатыр екен. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Алмалыбақ ауылының тұрғыны Әбдіғаппар Базарбаев. 

"Бізге ең қатты қиындық тудырып тұрған электр желісі. Осылай халық болып жиналып жүргенімізге 2 жылдай уақыт болды. Жауаптылар берген уәдесін орындаған жоқ. Үйіндегі тұрмыс техникасы түгелімен күйіп кеткен талай елдің обалына қалды. Түнде ұйықтай алмаймыз. Неге десеңіз барлығында газ жүйесін айналдырып тұратын сорғы бар. Ол электр қуатымен жұмыс істейді. Жарық өшсе пешіміз атылады. Әкімдік мәселемізге мән бермейді, - дейді Алмалыбақ ауылының тұрғыны Әбдіғаппар Базарбаев. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Электр желісіне жауапты Бауыржан Талқанбаевтан тұрғындар жаз кезінде трансформатрды жаңалауды сұраған. Алайда хабарласқан тұрғындардың телефон нөмірін бұғаттап, байланысқа мүлде шықпайды екен. Жауаптының сөзінше қаржының жетіспеушілігі мен монтаждық жұмыстардың ұзаққа созылуы салдарынан жаңалау жұмыстары жыл аяғына келіп тіреліпті. Сәйкесінше 2000 үйге арналған жаңа трансформаторды күні кеше орнатыпты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Электр желісіне жауапты жеке кәсіпкер Бауыржан Талқанбаев.

"2020 жылдан бері электр жүйесі менің балансымда. 600 үйге арналған ескі трансформатордың орналасқан жері дұрыс болмағандықтан жарық жиі өшті. Ол қашықтаған сайын қуаты азая түседі. Тұрғындардың жинаған ақшасына қазір 2000 үйге арналған жаңа трансформатор орнатылды. Адам аз болғандықтан қуаты жетеді. Болашақта барлығын мемлекет меншігіне өткізу ойда бар. Екі көшеге бағана орнату керек. Бұл жұмыстар 2024 жылға қалдырылды", - дейді жеке кәсіпкер Бауыржан Талқанбаев.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Ал Алмалыбақ ауылына 2 жылда алғаш рет келген Ұмтыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Кәмшат Қасымбекова электр желісіне әкімдіктің қатысы жоқ деп ат тонын ала қашты. Тек ауыл әкімі мәселені ватсап желісі арқылы тыңдап отырады екен.   

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ұмтыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Кәмшат Қасымбекова.

"Электр желісі қазір жеке меншікке тиесілі. Бұл кісіні бүгін ғана көріп тұрмын. Себебі Бауыржан Талқанбаев бізбен ешқандай контактіге келмейтін. Сондықтан бүгін ғана көріп танысып жатырмын. Екі жылдың ішінде бұл мәселені естімедік. Бұл кісілермен ватсапта әкімнің өзі байланысып отырады. Мен дәл осы жерге алғаш рет келіп тұрмын. Біз электр желісін қабылдамаймыз. Егер бұл кісі мемлекет меншігіне өткіземін десе Алатау жарық компаниясы қабылдап алады. "ЖК БАУЫРЖАН"-ды әкеліп тағайындап қойған жоқпыз. Тұрғындар өздері осы кісімен келісім жасасты. Әкімдіктің ешқандай қатысы жоқ. Ал "Алатау жарыққа" өткіземін десе біз көмектесеміз", - деді Ұмтыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Кәмшат Қасымбекова.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Алмалыбақ ауылының жаңа құрылысына қарасты жер учаскелері 2018 жылдары бөлініп сатыла бастапты. Соңғы 3 жыл ішінде үйлер салынған. Қазір 2 мыңнан аса адам тұрады. Телефонмен тірліктің бітпейтіні анық қой. Мемлекет тарапынан инфрақұрылымға ешқандай көмек болмапты. Жарық пен суды тарттырған тұрғындар енді қалталарынан қаржы шығарып жол төсеуге көшкен. Себебі бұл ауылда батпаққа батпай жүру мүмкін емес. Адам түгілі техника тосылып қалады. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Алмалыбақ ауылының жолы.

Ауылдың жолын былай қойғанда көшелердің атауы берілмеген. Әкімдік өкілдері ауыл аймағы бас жоспарға кіреді дегенмен тұрғындардың мекенжайы картада көрсетілмеген. Ағайын жедел-жәрдем қызметіне жүгіне алмай келеді.  

"Бізде бұрыннан бері жасалмай келе жатқан 88 көше бар. Оның 28-іне ғана асфальт төселген. Оларды толық жөндеп бітірмей біз жаңа құрылыс аумағына көше алмаймыз. 2023 жылы 3 шақырымнан асатын 5 көше жасалды", - дейді әкімдік өкілі. Бұл көшелер бас жоспарға кірген. Көше атауларының бәрін жаз айында аномастикалық комиссияға өткіздік. Облыста қаралып жатыр. Комиссияның шешімі шыққан кезде барлық көшенің атауы болады", - деді Кәмшат Қасымбекова.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Жолдың жуық арада салынбайтынын әкімдік өкілі айғақтап берді. Ал жарықтың мәселесі тез арада дұрысталуы тиіс. Енді халық жарықтан жапа шекпейді ме? – деген сұрағымызға Бауыржан Талқанбаев "техникаға ешкім кепілдік бермейді" деп қысқа қайырды. Сол себепті жергілікті бұқара жарыққа жауапты адамның жақында ауысқанын немесе электр желісінің мемлекет меншігіне өткенін талап етіп отыр.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов