- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандағы жолдарды күтіп...
Қазақстандағы жолдарды күтіп ұстауға 60 миллиард теңге керек - Марат Қарабаев
Көлік министрі Марат Қарабаев жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 миллиард теңге керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жыл сайын Қазақстандағы жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге керек. Осыған байланысты республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту үшін кезең-кезеңімен ақылы жолдардың көлемін кеңейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 3 мың 200 шақырым жолға ақылы жүйе енгізілді", - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, 2023 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан бюджетке 26 миллиард 500 миллион теңге түскен. Министрлік өкілі келесі жылы қосымша 1 200 шақырым жол ақылы болатынын жеткізді.
"Жалпы 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай 11 мың шақырым жол ақылы болады. Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифтері, жақын және алыс шет елдермен салыстырғанда ең төмен деңгейде екенін атап өткім келеді. Соңғы уақытта транзиттік ағын өсуіне байланысты жөнделген жолдарды нормативті жағдайда сақтау үшін жол ақысын қайта қарау бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Ақылы жүйе, бірінші кезекте транзиттік көліктерден қаражат жинауға бағытталғанын ескеріп, отандық тасымалдаушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген", - деді министр.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz