"Ұлыбританиялықтар да бестің шайын қалт жібермейді". "Болашақ" түлегі батыс мәдениетінің артықшылығын айтты

"Ұлыбританиялықтар да бестің шайын қалт жібермейді". "Болашақ" түлегі батыс мәдениетінің артықшылығын айтты
Фото: Желіден

Қызылордалық Бекзат Ырза - "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Ағылшыншасы амандық сұраудан әрі аспайтын ол аз уақытта қалай тіл үйреніп, шетел асқанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бекзат Қазалы ауданында көпбалалы әулетте туып-өскен. 2016-2019 жылдар аралығында Ұлыбританияның Борнмут университетінде "Халықаралық қонақ үй бизнесі және туризм менеджменті магистрі" дәрежесін алды.

"Облыстық басқармада жұмыс істеп жүргенімде Ұлыбританияға жолым түсті. Бар білімім "хеллоу, хау а ю"-мен шектелетінін сонда байқадым. "Мұның жарамайды!" дедім өзіме. Алдыма Ұлыбританияға оқуды айқын мақсат етіп қойдым", - деді ол.

Мектепте ағылшын тілі пәнінен үлгерімі нашар болған Бекзат мақсатына жету үшін қыдырудан, әлеуметтік желі атаулыдан бас тартты. Білімге инвестиция аяған жоқ. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде нақты нәтижеге қол жеткізді. "Болашақ" бәсекесінде бағы жанып, Ұлыбританияға алып-ұшып жетті. Бір топта 130-ға жуық қыз-жігітпен бірге оқыды.

"Қазақтың кеңдігі, қонақжайлылығы басқа ешбір ұлтта қайталанбайды. Бұл жағынан итальяндармен ғана сәл ұқсастықты байқадым. Оларда апта сайын отбасымен түгел дастархан басына жиналатын дәстүр бар. Британдар біз сияқты сүт қосылған қою шәйді жақсы көреді. Олар да бестің шәйін қалт жібермейді", - деді Бекзат.

Кейіпкеріміз батыстық мәдениеттің ерекшеліктерін екшеп берді. Біреудің жеке өміріне араласпайтыны, шекарасына өтпейтіні, өзгенің уақытын ұрламайтыны ұнаған. Ашу-ренішін сырт көзге көрсетпей, әрқашан күліп жүретіні де – үлгі тұтар қасиет. Ал кітапханалары күндіз-түні ашық.

Бекзаттың ғылымдағы зерттеу тақырыбы – туризм.

"Бұл саланы таңдауыма география пәніне қызығушылық түрткі болды. Бала кезімде атлас карта арқылы әлем елдерінің астанасын, валютасын жаттап өстім. Франция, Швейцария, Нидерланд, Ұлыбританияда болдым. Сонда байқағаным, Ұлыбритания тарихымен, мұражайларымен, ескі қала, қамалдарының сақталуымен тартымды. Қомақты табыс түсіретін саласы – білім. Ұлыбритания дипломын алу үшін мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ағылады. Ханшайымдар әулеті де көптің қызығушылығын туғызатыны анық. Сервис сапасы, ағылшындардың футболға махаббаты – туристердің көптеп тартылуының бір себебі. Стадионда даяшы болып жұмыс істедім. Футбол болатын күні оларда той. Францияда аспаздық бойынша тағылымдамадан өттім. Махаббат елінде тағам әзірлеуден бөлек, оны тұтынушыға ұсынудың өзі - өнер. Бұл да - сервиске әсер ететін бірден-бір фактор. Швейцария шағын мемлекет болғанымен ресми тіл саны бесеу. Соған қарамастан мәселе жоқ, халқы бейбіт өмір сүріп жатыр", - деді кейіпкеріміз.

Жас ғалым магистратураға түскенде саналы түрде Англияның қазағы аз қаласын таңдапты.

"Өйткені қандастарымыз көп шоғырланған жерде кездесуден, шәй ішуден босамайсың", - деді күліп.

Бекзат Тұманды Альбионға сапары кезіндегі қызық естелікті бөлісті.

"Екінші мәрте жол түскенде банкке бардым. Ондағылар менен "еркексіз бе, әйелсіз бе?" деп қайта-қайта сұрады. Мен аң-таң. "Әлбетте, әйелмін". Сөйтсем, шетелдік төлқұжатымда "еркек" деп көрсетілген екен. Ол құжатпен қаншама елге барып-келгенмін. Ешкім мән бермеген. Неге бұлай болғанын зерттегенімде о баста мені базаға солай тіркеп жіберген екен. Сол кезде жылағым келгенмен қазір күліп еске аламын", - деді ол.

Бекзат - қазіргі күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мұражай меңгерушісі. Оған дейін университеттің халықаралық байланыстар бөлімін басқарды.

Назерке Саниязова

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы