Рекорд орнатқан бүркітші қызды үш мыңдай турист үйіне іздеп барған

Рекорд орнатқан бүркітші қызды үш мыңдай турист үйіне іздеп барған
Фото: автордан

Бозанбай ауылында өткен бүркітшілердің халықаралық фестивалінде қазақты әлемге танытқан Айшолпан Нұрғайып арнайы қонақ болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Айшолпан 13 жасында небәрі 6 секундта құсты қолына қондырып, рекорд орнатқан еді. Содан бастап әлемнің әр түкпіріндегі туристер назары ауып, басылымдарда ол туралы жарыса жазды.

Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында өткен "Шығыс салбурыны – 2023" сайысы 70-тен астам бүркітшінің басын қосты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осы жылы құс көтерген жастар қарасы көп. Олардың өнерін тамашалап, қонақ ретінде келген Айшолпан қалың жұрттың ортасында қалып, туристер онымен алма-кезек суретке түсті. Әкесі Нұрғайып Ырысұлының сөзінше, әр жылы Моңғолияның Баян өлгей аймағынан келіп тұру әдетке айналды.

"Халық осылай жиналып, қазақтың салт-дәстүрі жаңғырып жатса несі айып?! Көбі қар жаумай, арасында жаңбыр сіркіреп кетуі бүркіттерге кедергі болды деп жатты. Негізі, бұл құстың ауа-райы. Табиғат бәрін біздің ыңғайымызға бұрып бермейді. Мұндағы жарысқа кіл мықтылар жиналыпты. Шырғаға қондыру кезінде мүмкіндіктерін мүлт жібергендері ілуде біреу", – деді ол.

Кәсіби бүркітшінің айтуынша, төл өнердің арқасында қазақ мәдениетімен танысуға ниеттілер саны күрт артқан.

"Қазақты әлемге танытқан жандардың бірі, Айшолпан қызымды көру үшін үйіме 3000-дай турист келді. Еуропадан атізін салғандар "бұлар асқан қонақжай халық екен" десті. Жалпы, бүркіт тұрған жерде туризмге жол ашылады екен", – деді Нұрғайып Ырысұлы.

Бүркіттердің салмағы ары кеткенде 8 келіге дейін барады. Моңғолиялық құсбегілер Баян өлгейдің таулы аймақтарында қыран құспен қасқыр алғандарын жеткізді. Қыстың 40 градус аязында қасқыр ішік киіп, аңшылықтың қызығына түседі. Нұрғайып Ырысұлы бүркітші ретінде әлемнің 33 елін аралаған. Көрген-білгенін Айшолпанға айтып келеді.

"Биылғы фестивальдің деңгейі жоғары. Әдет-ғұрпымыздың осылай дәріптелуі мен үшін үлкен мақтаныш. Бозанбай ауылына көптеген шетелдік туристер келді. Соған орай әр қатысушының әкелген бүркіт, сұңқарының дайындығы келісіп тұр екен", – деді Айшолпан.

Асыл Бигелді 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы