"Жатырын кесіп тастаған". Оралда қатерлі ісікке шалдыққан әйел дәрігерлерді кінәлап отыр

"Жатырын кесіп тастаған".  Оралда қатерлі ісікке шалдыққан әйел дәрігерлерді кінәлап отыр
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

15 жыл бала күткен оралдық әйел ауыр дертке душар болды. Ал оның анасы бұған дәрігерлерді кінәлайды. Оның айтуынша, қызына тиісті ем-дом уақытылы жасалмаған. Осының кесірінен 32 жастағы Әйгерімнің ауруы асқынып, арты қатерлі ісік ауруына ұласқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сақыпжамал Дүйсәлиева дені сау қызымды дәрігерлер дертті қылды дейді. Оның айтуынша, сәби сүюді 15 жыл зарыға күткен қызы ақыры ЭКО жасатады. Бірақ жағдайы нашарлағанда көмек сұрап барған дәрігері жатырын кесіп алып тастапты.

"Олар гормон дәрілерді беріп-беріп, басынан ісік болған. Ол ауруханаға бес рет түскен екен. Бес рет түскеннің ішінде олар ең болмағанда бір рет тексеріс өткізбей тұр ғой. Сол кезде тексерістен өткізгенде ерте біліп, химиотеропия алып, сақтап қалуға болатын еді. Міне, дәрігерлерден кеткен қателік осы", - дейді науқастың анасы Сақыпжамал Дүйсәлиева. 

Ал науқасты ажалдан құтқардым деген дәрігер Әйгерімнің анасына өкпелі. Өйткені әйел ауыр дертке шалдыққанын білсе де, уақытылы тексерілмеген, емделмеген. 

"Науқастан "хорионэпителиома" деген кесел анықталды. Обырдың бұл түрі жүкті әйелде кездеседі. Егер ол бала көтермесе, мүлдем ауырмас еді. Жиі-жиі қан кетті. Бізге алтыншы рет келгенінде жатырын алып тастамаса, жағдайы қиындайтынын ескерттім. Операция кезінде жатырдағы обыр асқынғанын анықтап, облыстың бас онкологын алдырттым. Ақыры ауру мүшені алып тастадық. Әйтпесе өліп қалуы мүмкін еді", - деді "Медорталық" ЖШС гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Алик Истаев. 

Бірақ Әйгерімнің жағдайы отадан кейін де оңалмаған. Кесел өкпеге шауып кеткен. Кеңес берген шетелдік мамандар да жағдай қиын екенін ескерткен. Бұған ашынған анасы кінәлілердің қатаң жазалануын талап етіп отыр. Ал фармбақылау департаменті бұл даулы істі тексеру қорытындысы 15 желтоқсанда шығатынын жеткізді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек