Ақмола облысында жалған дипломмен бала оқытқан "мұғалімдер" анықталды

Ақмола облысында жалған дипломмен бала оқытқан "мұғалімдер" анықталды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Ақмола облысында жалған дипломмен сабақ берген адамдар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2009 жылдан бастап бүкіл ел бойынша "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ол ауылдық жерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен кредиттер мен өтеусіз жәрдемақылар алуға мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары ауылдық жерлерде кадр тапшылығы едәуір теңестіріліпті, алайда кейбір адамдар заңсыздыққа барған. 

Облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну кезінде қолданыстағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізіпті, соның нәтижесінде жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шарттық міндеттемелерді бұзған адамдар анықталған.

"2021 жылы К. жалған дипломмен Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысып, 4,9 миллион теңге алды. Айта кету керек, К. 2 жыл бойы осы салада құзыретті болмаса да балаларды оқытқан. Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 "маман" пайдаланған. Залалдың жалпы соммасы 30 миллион теңгеден асты", - делінген хабарламада.  

Қазір қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында жеті мұғалім жалған дипломмен жұмыс істегені хабарланған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова