"Бірден өледі". Ақтөбеде малдан белгісіз ауру тарады

"Бірден өледі". Ақтөбеде малдан белгісіз ауру тарады
Фото: видеоскрин

Ақтөбе облысы Алға ауданында ірі қарадан белгісіз ауру тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Алға ауданы Тоқпансай ауылдық округіндегі "Өлекті" шаруа қожалығының 9 сиыры белгісіз аурудан өлген. Қожалық басшысы Ерболат Жалашев малының бұрын-соңды бұндай індетке шалдықпағанын айтып отыр.

"Бір түннің ішінде бұзауы, қашары бар бесеуі өлді. Барлығы тоғыз сиырым өліп отыр. Малды күні-түні қарап отырамын. Бес-алты жылдан бері осы шаруашылықпен айналысып келемін. Мұндай ауруды бірінші рет көріп отырмын. Малдың ауырып жүргені байқалмайды. Артқы аяғы ісіп, баса алмай қалады да бірден өледі", - дейді қожалық басшысы.

Малы қырыла бастаған соң қожалық басшысы ауылдағы ветеринария маманын шақырған. Сынама алған мамандар болжам бойынша іріқараның арам шөптен уланғанын айтыпты. Ал мал иесінің өзі бұл "қарасан ауруы болуы мүмкін" деп күдіктенеді. Себебі округ аумағындағы кейбір қожалықтардың сиырлары дәл осындай кеселден өлген.

"Әлеуметтік желіде шаруалардың ортақ тобы бар. Сонда олар қарасан екенін айтып жатыр. Олардың да ішінде малы осындай індетпен өлгендер бар екен. Қыркүйекте қарасанға қарсы екпе жасады. Қазақстанда шығарылған екпенің сапасыз екені айтылып жатыр. Кеше малым қырыла бастаған соң тағы екпе сатып алдым. Бәріміз малмен күнелтіп, бала-шағамызды асырап отырмыз. Төлеп отырған несиеміз бар. 3-4 миллион теңгеге зиян шектім", - дейді Ерболат Жалашев.

Мал иесі округтегі ветеринария мамандарының ісіне көңілі толмайтынын айтты.

"Ветеринария мамандардың көлігі бар. Бірақ қай уақытта хабарлассақ та көліктері бұзылып жатады. Солардың соңында жүреміз, апарып, алып келеміз. Күтіп тұрамыз. Келгеннен кейін ексе егеді, екпесе қарап кетеді. Осы мәселені айтқанда  басшысы "малды өздеріңіз үшін бағыңдар, қажет болса өздерің алып кетіңдер" дегенді айтты", - дейді қожалық басшысы.

Ал мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайға хабарластық. Оның айтуынша, 22 қараша күні Топқансай ветеринарлық пункті "Өлекті" шаруа қожалығында бес іріқара өлгенін тіркеген.

"Мамандар тексерді. Алдын ала болжам бойынша улану диагнозы қойылды. 23 қараша күні облыстық ветеринариялық зертханаға қарасанға сынама тапсырылды. Қазіргі таңда өлген малдарды арнайы шұңқырларда өртеп, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысы мал шөптен немесе басқа да нәрседен улануы мүмкін екенін айтты. Мамандар ол жерде қарасанның белгілері байқалмағанын жеткізген. Дегенмен нақты қандай ауру екені зертхана қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал Алға ауданына қарасанға қарсы, Қазақстанда шығарылған 38 мың вакцина берілген. Тамыз, қыркүйек айларында аудандағы ірі қара егіліпті. Басқарма басшысы қазіргі күні вакцинаның да зертханаға жіберілгенін айтты. Себебі бұл вакцинаның да әсері болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Айбек Сембайдың айтуынша, ауданда ветеринария маман жеткілікті. Былтыр оларға үш, биыл екі жаңа көлік алып берілген. Қазір аудан мамандарында су жаңа бес көлік бар. Қажет құрал жабдықтармен де қамтамасыз етілген. Басқарма басшысы кейде ескі көліктердің бұзылып қалатынын жасырмады.

Егер зертхана қорытындысы ірі қара қарасан індетінен өлгенін дәлелдесе, онда шаруа қожалығына шектеу енгізіледі. Жұқпалы ауруға қарсы бригада қожалық малын егіп, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Ал мал иесінің шығыны республикалық бюджеттен өтеледі екен.

Кәмшат Қопаева

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Қ. Әбілдәқызы