"Ұйқысыздық, тісінің сарғаюы". Нарколог баланың есірткі қолданатынын көрсететін белгілерді атады

Балаңыз есірткі қолдана бастағанын қалай білуге және оған қалай көмектесуге болады? Бұл сұрақтарға психиатр және нарколог Антон Денисенков "Известия" порталына айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Баланың есірткі қолдана бастағанын бірден анықтау оңай емес. Алайда ата-анаға проблеманы анықтауға көмектесетін жанама белгілер бар", - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, ең алдымен бала әрекетіндегі өзгерістерге аса мән беру керек: оның көңіл күйі эйфориядан апатияға дейін кенеттен өзгеруі мүмкін. Сондай-ақ себепсіз ашулануы, тітіркенуі, күйгелектенуі мүмкін және алаңғасарлық, зейін қоюмен қиындықтар пайда болуы мүмкін. Оның мектептегі үлгерімі нашарлауы, сабақтардан кетіп қалуы, қызығушылықтарының жоғалуы, өтірік айтуы, ақша сұрай беруі және үйден кетіп қалуы мүмкін.

"Егер балаңыздан оған тән емес сленг және оның күмән тудыратын жаңа достары пайда болса, мұқият болу керек", - дейді нарколог.

Баланың есірткі қолданатынын мынадай да белгілер арқылы анықтауға болады: салмағының бірден азайып кетуі, ұйқысыздық, артериялық қысымының артуы, тісінің сарғайып кетуі, аузынан жағымсыз иіс шығуы, асқазан-ішек жолы проблемалары (іш өті немесе іш қату), дәріге кетпейтін мұрын бітелуі немесе мұрыннан су ағу.

Егер сізде балаңыз есірткі қолданады деген күмән туындаса, арнайы лабораториядан ағзадағы есірткілік заттарды анықтауға арналған анализдер тапсыруға болады.

"Егер сіздің күмәніңіз расталса, онымен сөйлесіңіз. Балаға есірткінің қаупі жайлы айқайламай, жай түсіндіріп беріңіз. Оны қорқытудың немесе оған күш қолданудың қажеті жоқ. Бала сізге сенуі керек. Егер бұл көмектеспесе, маман көмегіне жүгініңіз", - дейді Антон Денисенков.

Оқи отырыңыз: Психолог өзіне сенімді баланы тәрбилеудің 5 әдісін ұсынды