- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Депутат Мұқаевтың жарнамасын...
"Депутат Мұқаевтың жарнамасын көріп сеніп едік". Құрылыс компаниясына алданған бір топ тұрғын шу көтерді
Депутатқа сенеміз деп дүниемізден айырылдық. Алматыда 50-ден аса салымшы арзан бағада пәтер аламыз деп сан соғып қалған. Айтуларынша компанияның жарнамасын @dauletten яғни сол кездегі блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан көріпті. Менің атымнан барсаңыздар 20 пайыз жеңілдік, - деген қазіргі мәжіліс депутатының сөзіне жұрт имандай сеніп, бар ақшасын берген. Алайда DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтапты. Тұрғындардың сөзінше жауапты компанияның әуелбаста үй салуға рұқсат қағазы болмапты. Алданған ағайынның арызын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Баспанаға мұқтаж бұқара 2022 жылы қыркүйекте блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан шаршы метрі 300 мың теңге болатын пәтер сатылады дегенді естіген. Тіпті менің атымнан келсеңдер 280 мың болады депті. Кілтті 2023 жылдың соңында алатындарын айтқан.
"2022 жылы қыркүйек айында Дәулет Мұқаевтың жарнамасынан көрдік. Бағасы 300 мың, менен келген адам болса 20 пайыз жеңілдік деп айтты. Үйдің 50 пайызын төледік. Шамамен 4 миллион теңге. Әр ай сайын 300 мыңнан төлеп шамамен 7 миллион теңге ақшамызды алды. Сәуірде ақша төлеуді доғарып, тамыздың соңында келісімшартты тоқтату туралы өтініш жаздым. Депутат Мұқаевтың жарнамасын көріп сеніп едік", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Арайлым Молдабаева
Фото: Салымшылардан алынды. Құрылыстың көрінісі.
Келісімшартты тоқтатуға да себеп бар. Өйткені желтоқсанда берілуі тиіс үйдің жертөлесі ғана салыныпты. Себебі "MAX BET PV2" ЖШС-нің аталған аймаққа көпқабатты үй салуға рұқсат қағазы әуелбаста болмаған. Ал үй алу кезінде алданбаудың жолдарын үйретіп жүрген Дәулет Мұқаевтың жарнама жасау кезінде шикілікті білмеді дегеніне салымшылар күмәнмен қарайды.
"Сол кездегі блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан жарнама көрдім. Ол үйді алу жолдарын және үй сатып алу кезінде алданбаудың жолдарын үйретіп жүрген еді. Сол себепті біз ешқандай құжатын тексермедік. Дәулеттен бөлек Нұрболхан Шарапов, Төреғали Төреәлі секілді жұлдыздар инстаграмда осылардың брошюркаларымен жүрді. Бірақ олардың үй алыңдар дегенін көрмедім. Ал қазіргі депутат Дәулет Мұқаев ашықтан ашық үй алуға шақырды", - дейді қала тұрғыны Әйгерім Айтқалиева.
Белгілі блогерлердің жарнамасына сеніп алданған бұқара баса көктеп жауапты компанияның кеңсесіне келді. Алайда аптасына алты күн жұмыс істейтін мекеме журналист келеді дегенді естіді ме, әйтеуір "кешіріңіздер бүгін дизенфекция" деген ақ қағазды жабыстырып жұмыс істемейтіндерін жеткізді.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Құрылыстың тоқтағанын көріп алданғандардың көпшілігі құзырлы органдарға арыз жазған. Алайда жауапты компанияның меншігінде ешқандай мүлік тіркелмепті.
"Прокуратураға, Алатау аудандық ішкі істер бөліміне, арыз жаздық. Үш адам соттасып жатыр. Компанияның атына жалпы саны 10 шақты сот ісі тіркелген. Алайда компанияның меншігінде ешқандай мүлік жоқ болып шықты. Берік Нурмаганбетов деген басшысы ақшаны менеджерлер ұрлап кеткенін айтты", - дейді салымшылар.
Амалы таусылған бұқара депутат Дәулет Мұқаевтың жарнама жасағанын айтып мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа хат жолдаған. Келген жауапта ҚР Парламенті Мажілісі төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесі отырысында мәселе қаралды депті.
Фото: Дәулет Мұқаев пен Ерлан Қошанов
"Кеңес мүшелері мәселені жан-жақты талқылады. Күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша депутат Мұқаев Дәулет Төлеутайұлы ауызша және жазбаша түсініктеме берді. Жарнамаға қатысты болған жайғдайды баяндай келе, Депутат Д. Т. Мұқаев өзі де жарнама берсе жеңілдік жасалады дегеннен кейін Мах Bet PV2 ЖШС салып жатқан DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтеріне салымшы ретінде тіркелгенін мәлімдеп, осы бойынша жасалған келісім-шартты көрсетті. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде депутаты тәртіптік жауапқа тарту негізсіз", - делінген хабарламада.
Ал жергілікті әкімдік өкілдері компанияның құрылысы заңсыз және бас жоспармен сәйкес келмейтінін айтқан.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
"Алатау ауданына қарасты жер телімі қызыл аймаққа кіріп тұр. Бас жоспар бойынша бұл жер автовокзалдың көлік тұрағы болуы керек. Сол себепті біз құрылысты тоқтаттық. Олардың құрылысы заңсыз. Қолдарында көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жыл басында ескерттік. 4-5 ай құрылыс жұмыстары тоқтап тұрды", - делінген хабарламада
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Алданған ағайынға "MAX BET PV2" ЖШС басшысы тамыз айында 25 қыркүйекке дейін ақшаны қайтарамын деген. Қыркүйекте әр қайсысына 500 мың теңгеден беріпті. Ал қалған соманы апта сайын жіберіп тұрамын деп уағдаласқан. Келісім бойынша 2 айда ақшаны қайтаруы тиіс болған Берік Нурмаганбетов деген басшысы 10 қарашаға дейін төлемді толық қайтарамын деген кепілдік хат та беріпті. Алайда салымшылар Берік Нурмаганбетовты сол күйі көрмепті.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Бір бөлмелі үй 11 миллион тұрады. Пәтер алушылардың әрқайсысы кемінде 4 миллион теңгеден салған. Бейресми дерек бойынша 160-қа жуық адам алданған. Оның жартысынан көбі үй салынады деген үмітпен жүр екен. Ал ақшаны қайтармай жүрген дәл осы компания ӨНЕР БАРЫСЫ - 2023 турниріне бас демеуші болыпты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов