Павлодар облысында сегіз айлық сәби өлі табылды

Павлодар облысында сегіз айлық сәби өлі табылды
Фото: elements.envato.com

Павлодар облысында 8 айлық сәби өлі табылды. Сәбидің денесінен зорлық белгілері табылмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті растады. 

"17 қарашада Екібастұз қаласының Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінен 8 айлық баланың зорлық белгілері жоқ мәйіті табылды. Бұл факт туралы полицияға анасы хабарлады. Факт тіркелді. Мәйіт бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. Бұл факт туралы жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарына дереу хабарланды", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал денсаулық сақтау басқармасы сәбидің 2023 жылы туғанын айтты. 

Пәтер иесінің мәлімдеуінше, қызы үш баласымен алғаш рет оған 2023 жылғы тамыз айының соңында келген. Ол үйден жиі кетіп қалып отырған. Әйелдің тұрақты тіркеуі Павлодарда. 

"Нақты орналасқан жері бойынша медициналық көмекке жүгінген жоқ. Медициналық ақпараттық жүйенің мәліметтері бойынша қоңыраулар мен активтер тіркелмеген. Аутопсия сот-медициналық сараптамасы жүргізілді. Қорытынды диагноз гистологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болады. Осы факт бойынша денсаулық сақтау басқармасы өлім жағдайына талдау жүргізеді", - деді басқарманың баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиға туралы VITA еріктілер жасағы алғашқы болып өздерінің Instagram-парақшасында мәлімдеді.

"Айдың-күннің аманында бейкүні балалар өліп жатыр. Олар ата-анасының салғырттығы мен қатігездігінен, мемлекеттік органдардың, біздің кінәмізден ажал құшып жатыр. Өйткені адамдар, көршілері отбасындағы жағдайды біле отырып, үнсіз қалса, мемлекеттік қызметкерлер де көз жұма қарайды", - дейді еріктілер.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан