БҚО-да батагөй қариялар байқауы өтті

БҚО-да батагөй қариялар байқауы  өтті
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі

Кеше Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында "Бата дарып, бақ қонсын!" атты батагөйлер байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш өнер орталығы, облыстық ардагерлер кеңесі және "Интеграл" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқауға он екі аудан мен облыс орталығынан 13 ақсақал қатысты.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған байқау Қадыр Мырза Әлі ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етумен басталды.

Қазақ халқының бата беру дәстүрін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, халық шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген байқау үш кезеңнен тұрды.  Халқымыз үшін-бата өте қасиетті, өте киелі ұғым екендігін,  қысылғанда қуат, қиналғанда медет беретінін ұғындырған батагөй қариялар жиылған жұртшылыққа бата берді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева ел-жұртқа ақ батасын арнаған қарияларға сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді. 

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің айтуынша, қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір-қасиеті айрықша бағалы. Өйткені, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғымды, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп, серпілтетін, марқайтып, қанаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер-тәрбиенің бастау бұлағы. Аталардың қасиетті өсиеті-замандар, ғасырлар бойы іріктеліп жиналып, ақыл елегінен өткеріліп тексерілген өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже-қағидасы іспеттес. Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғау үшін талантты, ержүрек болып ержетуіне талпынтады. Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет береді, "Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер" деген сөз тегін айтылмаған.

Байқау нәтижесінде  тасқалалық Жұмагелді Үмбеталиев бірінші, ақжайықтық Сағынтай Бисенғалиев екінші, бөкейордалық Тілеген Арыстанбеков үшінші орын иеленді.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған  

Massaget.kz