Ауыз су – химиялық құрамы бойынша адам денсаулығына зиянсыз табиғи су. Денсаулыққа зияны жоқ болумен қоса, оның құрамында минералдар мен тұздар, нитраттар мен нитридтердің (кальций, магний, фтор, темір, кобальт, мыс, т.б) адам ағзасына қажетті деңгейде болуы шарт. Сондықтан да, ауыз су мәселесі мемлекеттің басты әлеуметтік мәселелерінің бір болып табылады. Сол себепті Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанған соң ел үкіметі ауыз су мәселесін қолға алды.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2001 жылғы 2 шілде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2001-2030 жылдарға арналған "Ауыз су" мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама аясында елдімекендерді ауыз сумен жабдықтайтын жаңа жүйелер мен құрылыстарды салу, жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау жүйелері мен құрылыстарды оңалту және орталықсыздандыру, судың сапасын жақсарту, жерасты суын пайдалануды жандандыру, тұрғындарға су жеткізіп беру жөнінде рынок қызметін қалыптастыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде бірқатар елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Әйтсе де, базбір әлеуметтік және экономикалық кедергілерге байланысты бағдарлама бойынша жоспарланған жұмыстар толықтай жүзеге аспады. Республикалық және жергілікті атқару органдарының арасында жобаларды қаржыландыруға байланысты ортақ келісімдердің болмауы, нысандарды жобалау сапасының төмен болуы секілді кемшіліктерге жол берілді. Бағдарлама қолға алынған алғашқы он жыл ішінде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны 12 пайызға өсіп, барлығы 41 пайызды құраған. Яғни, еліміздегі 7002 ауылдық елді мекендердің 3849-ы сапалы ауыз сумен қамтылмай қалды.
Сондықтан, жол берілген кемшіліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 қараша күнгі қаулысымен 2011-2020 жылдарға арналған халықты ауыз сумен қамтудың «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама бойынша сумен қамту нысандарын салғанда заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалану, сумен қамту жүйелерін пайдаланудың тиімділігін арттыру, су шаруашылығы секторына инвестиция тарту және сумен қамту нысандарын қаржыландыруға жеке меншік капиталды тарту, жерасты суларының әлеуетін молынан пайдалану, сумен қамту жүйелерін жобалаудың сапасын жақсарту міндеті тұрды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қаржы даму институттарының қаражаттарынан, кәсіпорындардың өзіндік қаражаттарынан, отандық және шетелдік инвестициялардан құралады. Оған қоса, мемлекеттік бюджеттен 1 триллион 273 миллиард 859 миллион теңге қарастырылады. Бағдарлама аясында қалалық жерлер 100 пайыз, ал ауылдық елді мекендердің 80 пайызы орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделді. Үкімет жүргізген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тиімді жұмыс атқарылды. Бағдарламада көзделген жұмыстар толықтай атқарылмады. Десе де, халықтың 80 пайызын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда 6 295 ауылдық елді мекеннің 4 900-і сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. Қалған 1 395 ауылдық елді мекеннің ауыз су мәселесі «Нұрлы жер» бағдарламасы, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы аясында, 2025 жылдың соңына дейін шешілуі тиіс.
Су саласындағы сарапшы мамандардың айтуынша, 2035-40 жылға қарай елімізде суға деген сұраныс 45 пайызға дейін артуы ықтимал. Яғни, су жетіспеушілігі жылына 12 текше шақырымды құрайды деп болжануда. Мұндай деректі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 2021 жылдың қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын» - деді Президент.
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің 2021 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталуы тектен тек емес. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде тіршілік нәрінің тапшылығы айқын байқалып отыр. Сондықтан мамандар суды үнемді пайдалануға шақыруда.
Иә, еуропа елдерінде суды үнемдеу ертерек басталған. «Еуропа халқы таңертең тіс тазалап, беті-қолын жууға бір кружка суды пайдаланады екен» дегенді естіген шығарсыздар. Әрине, біз беті-қолды жууға бір кружка суды пайдаланбасақ та, мүмкіндігінше суды үнемдегеніміз жөн ақ. Әйтпесе, бізде әлі күнге бақша суаруға ауыз суды пайдаланатындар бар. Ал, мұндай жағдайлар су тапшылығының туындауына соқтыруы мүмкін. Сондықтан, судың да сұрауы бар екенін ұмытпағай, суды үнемді пайдаланғанымыз абзал.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!