Кекіру, құсу, қыжыл: асқазан қатерлі ісігінің алғашқы белгілері қандай?

Кекіру, құсу, қыжыл: асқазан қатерлі ісігінің алғашқы белгілері қандай?
Фото: Freepik.com

Диетолог, гастроэнтеролог, терапевт Александра Разаренова Helicobacter pylori бактериясы асқазанның ауыр ауруларын, оған қоса онкологиялық ауруды да тудыруы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Регнум-ге" сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл бактерия асқазан қатерлі ісігінің дамуының ең көп тараған себебінің бірі. Егер адам асқазанында Helicobacter pylori бактериясы бар екеніне қарамастан, ем алмаса, оның соңы онкологиялық аурумен аяқталу ықтималдылығы жоғары. 

Сондықтан диетолог Helicobacter pylori бактериясының бар-жоғын анықтау үшін тексеруден өтуді ұсынды. Тәуекел тобында асқазанның ауырсынуын, тамақтанғаннан кейін жағымсыз ауырлық, жүрек айнуы немесе қыжылды жүйелі түрде сезінетіндер бар.

Адамның асқазан қатерлі ісігі ауруына шалдыққанын анықтау қиын. Ауруға шалдығып оның емін іздегенше, ауырмас үшін алдын алу жолын іздеген жөн. Ал оның алдын алу үшін әсер етуші факторларды анықтау қажет.

Асқазан қатерлі ісігінің пайда болуына басқа да әсер етуші факторлар қандай?

  • Тамақтану түрі - ысталған, тұзды немесе қуырылған тағамдарды көп, ал өсімдік негізіндегі тағамдарды аз жейтін адамдарда асқазан қатерлі ісігінің даму қаупі жоғары;
  • Темекі шегу;
  • Асқазанның ұзақ мерзімді қабынуы (гастрит) және созылмалы жаралар;
  • Асқазандағы аденоматозды полиптер;
  • Отбасыда асқазан қатерлі ісігінің таралуы;
  • Асқазанға бұрын ота жасалса. Жасалған отадан кейін асқазанда қатерлі ісік бірнеше онжылдықтардан кейін де пайда болуы мүмкін;
  • Жыныс - ер адамдарда асқазан қатерлі ісігі әйелдерге қарағанда 1,5 есе жиі кездеседі;
  • Стресс. Бей-берекет өмір салты барлық дерлік ас қорыту мүшелерінің қатерлі ісіктері үшін қауіп факторы бола алады.

Алғашқы белгілері қандай?

  • Іштің жоғарғы бөлігіндегі қысым мен толып кету сезімі, тез тойып қалу, мысалы сіз көзіңізбен тамақтанып тұрсыз, бірақ шын мәнінде аузыңызға тамақ салсаңыз, асқазан толып, тіпті ауыра бастайды;
  • Кекіру және қыжыл. Ол әдетте тамақтан кейін, сондай-ақ тамақтануға немесе тағамның құрамына қарамастан пайда болады;
  • Тәбеттің өзгеруі;
  • Жүрек айну және құсу;
  • Жұтыну кезіндегі қиындықтар. Жұтынған кезде тамақ кептеліп, төс сүйегінің артында немесе іштің жоғарғы бөлігі ауырады. Ауырсынуды басуға су ішу көмектеседі, ал мәселе шиеленіскен жағдайда сіз тіпті құсуыңыз мүмкін. Бұл өңеш, асқазанның немесе кардияның жоғарғы бөлігінің қатерлі ісігіне тән қасиет;
  • Анемия - бұл себепсіз шаршауға, айналасындағыларға немқұрайлы қарауға әкеледі.
  • Іштің бүріп ауыруы;
  • Салмақ тастау.

Егер осы белгілерді байқаған болсаңыз, тезірек дәрігерге барғаныңыз абзал. 

Айта кетейік, бұған дейін қатерлі ісікке шалдыққан адамның сыртқы келбетінде қандай өзгеріс болатыны хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Бала қанша айында өзі отыруы керек?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә