"Халық қиналып отыр". Ақтөбе тұрғындары жанайқайын айтты

"Халық қиналып отыр". Ақтөбе тұрғындары жанайқайын айтты
Фото: Автордан

Ақтөбенің "Ақжар-2" ықшам ауданының халқы  төрт жылдан бері электр энергиясының зардабын тартып келеді. Соңғы екі күнде халық май шам жағып отыруға мәжбүр болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың ортасындағы "Ақжар-2" ауданының  тұрғындар электр энергиясының жиі сөнетінінен әбден шаршаған. Айтуларынша, үп еткен жел тұрса жарық өшіп қалады. Ал жарық болмаса, су, жылу да болмайды. Тұрғындардың айтуынша,  ауданға жарық беретін электр щиттерінің тозғы жеткен. Аудан тұрғыны Бибігүл Сағындыққызының  айтуынша, халықтың  осы мәселені айтып бармаған жері қалмапты.

"Қысы-жазы көретін күніміз осы. Сәл жел тұрса жарық өшіп қалады. Екі-үш сағат сөнгенге тіпті үйреніп кетті. Ал соңғы аптада  тіпті қиындап кетті. Май шам жағып отырдық. Электр қуаты болмаса су да жылу да болмайды. Күн суықта кішкентай сәбиі мен қарты бар үйлерге тіпті қиын болды. Жарық бір сөніп, бір жанғаннан көп үйдің тоңазытқышы мен су жылытатын құрылғылары жанып кетті. Бұның барлығы электр щитінің тозғандығынан деп ойлаймыз. Себебі электриктер үзілген сымдарды жалғап кетеді. Ол сәлден кейін қайта үзіліп, свет өшеді", - дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындардың айтуынша, аумақтағы су, электр қуатының мөлшері 500 адамға есептелген. Ал соңғы уақытта бұл маңда халық саны екі-үш есе өскен.

"Қазір халық саны 12 мыңға дейін өсті. Тұрғын көбейгесін осындай мәселелерге де назар аудару керек. Ал аудан әкімі мен депутаттардан қайран болмай отыр. Осы ауданға сайланған депутаттың "әу" деп ауызын ашқанын көрген жоқпыз. Халық әбден қиналып отыр. Кейбір көшелерде бағаналар ортасынан жарылып тұр.Тіпті біреулер көшенің қақ ортасында тұр. Айта берсек мәселе көп", - дейді Бибігүл Сағындықова.

Аудан тұрғыны Сәуле Мұқашева да ауданда өзекті мәселенің көп  екенін айтты. Электр жарығынан бөлек, ауыл ішіне автобус кірмейді. Бұл да тұрғындардың жанына батып отыр.

Аталған мәселе бойынша Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковке хабарластық. Оның айтуынша, бұл аймақтарға бау-бақша ұжымдарының желілері қосылып тұр. Соның салдарынан желілерге күш түсіп, сөніп қалады.

"Қазіргі таңда  қала әкімшілігінің бастамасымен комиссия құрылды. Оның ішінде аудан, қала  әкімшіліктері және тұрғын үй-коммуналдық мекемесі мен "Энергосистема" серіктестігінің өкілдері, саяжай ұжымының төрағалары  бар.  Қазір барлық аумақты қарап, зерделеп жатыр. Осыдан кейін нақты шешім қабылданады", - деді Болат Серіков.

Сондай-ақ қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазір қысқа дайындық үшін "Энергосистема" серіктестігі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жарықтың жиі өшуі осыған да байланысты екен.

Кәмшат Сексенбайқызы

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы