"Жағыңды таянба!" деген тыйым не үшін айтылған?

Қазақтың ырым-тыйымы көп. Бірақ жастардың көпшілігі үлкендер салған тыйымның мағынасын, түпкі ойын білмегендіктен, аса мән бермейді, ұстанбайды. Осындай ырымның бірі "Жағыңды таянба!" тіркесі. Неге жақты таянуға болмайды? Оның мәні неде? Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне тыйымның астарында не жатқанынын айтып берді.

Болат Бопайұлының айтуынша, қайғы-қасіреттен әбден қажыған адам ғана бетін басып, жағын таянады екен. 

"Қазақ жақ таянуды жаман ырымға санайды. Себебі жұбайы қаза болған қаралы әйел күйеуін жағын таянып отырып, жоқтау айтып жоқтайды. Жай күндері жақ таяну сол қайғылы күнді еске түсіреді деп ырымдайды. Адамның басына бір үлкен ауыр қайғы-қасірет түскен кезде ол өз денесіне ие бола алмай қалады. Сол кезде ол белін, жағын таянады. Осы себеппен жақ таяну жаман ырымға теңеледі", - деп түсіндірді этнограф.

Бұл қазіргі тілмен айтқанда психологиялық тұрғыдан шаршап, еңсесі түсіп, жүдеп-жадап, мына өмірдің қызығы біткендей түңіліп жүрген адам ғана жағын таянатын болған. Мына өмірде таянатын ештеңем қалмады, сүйенерге күшім қалмады деп қайғырғанның белгісі. Сондықтан «жақты таяну ырымға жаман» деп әжелеріміз тыйым салып отырған.

Сонымен қатар, этнограф сөзінше жақ таяну әдептілікке де қарсы. 

"Біріншіден, адам отырған кезде өзін әдепті ұстауы тиіс. Жақты таянбай адам өзін сергек, басын тік ұстап отырғаны жөн.

Екіншіден, қазақ халқында жақты таянып отыру уайым кешіп отырған адамның кейпі, бейнесі. Мұңайып отырған адам жағын таянып отырады. Себепсіз жақ таяну ол қайғы, мұңды шақырады деп сенген", - дейді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін түнде неге тырнақ алуға болмайтыны хабарланған еді. Этнографтың айтуынша, бұрын қазақтар түнде тырнақ алған адамға қауіп төнеді деп сенген екен.

Тағы да оқи отырыңыздар: Мобильді интернет неге істемейді?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!