"Бәріне өзім жеттім". Болат Назарбаев туралы не белгілі?

"Бәріне өзім жеттім". Болат Назарбаев туралы не белгілі?
Фото: Tengrinews.kz архиві

Бүгін Болат Назарбаев 71 жасына қараған шағында өмірден өтті. Massaget.kz тілшісі Болат Назарбаев туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

  • Тұңғыш Президенттің 13 жас кіші інісі

Болат Назарбаев 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында Әбіш Назарбаев пен Әлжан Назарбаеваның отбасында дүниеге келген. Ол - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші інісі, одан 13 жас кіші. Болат Назарбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек тағы бір ағасы Сатыбалды 35 жасында өмірден озған. Сондай-ақ, Әнипа есімді әпкесі бар.

Болат Назарбаев 1960 жылы Шамалғандағы орта мектепке барған. 1970 жылы Шамалғандағы ауыл шаруашылығы техникумын "механик" мамандығы бойынша, кейін Қарағанды қаласында заң институтын "құқықтану, заңгер" мамандықтары бойынша тәмамдаған.

saliqaly.kz

Ал 1988 жылы Шамалғанда ауыл шаруашылығы басқармасында директордың орынбасары, 1988-1989 жылдары Қаскелең қаласындағы нан зауытында директордың орынбасары болып, 1989-1992 жылдары мал терісін сату саласында қызмет еткен, 1992-1997 жылдары "Іңкәр Арго" ЖШС вице-президенті, ал 1997 жылдан бастап "BN Invest" холдингінің директоры болған.

Болат Назарбаев бірнеше рет наградталған. Мәселен, 2010 жылы "Қарасай ауданының құрметті азаматы", 2012 жылы "Алматы облысының құрметті азаматы" атанса, 2016 жылы "Парасат" орденін алған, сонымен қатар, 2015 жылы "Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл", 2016 жылы "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл" медальдарымен наградталған.

2016 жылы Болат Назарбаев "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорын құрды. 

  • "Ағасы көмектеседі деп ойлайды"

Бұған дейін танымал тележүргізуші Гүлмира Нәлібай Болат Назарбаевпен сұхбаттасқан. Сұхбатта Болат Назарбаев көпшілік оны ағасының арқасында көтерілді деп ойлайтынын жасырмаған.

"Өмірде қиын сәттер болды. Барлығы ағам көмектеседі деп ойлайды. Одан (Нұрсұлтан Назарбаевтан - еск.) ешқашан жұмыс сұраған емеспін. Ешқашан өзіме қандай да бір лауазым сұраған емеспін. Бәріне өзім жеттім. Ешқашан ағама ауыртпалық салған емеспін", - деген еді ол.

Ашық дереккөз

Сонымен қатар, ол Нұрсұлтан Назарбаев қоңырау шалып тұратынын да әңгімелеген.

"Ол мен үшін туған әкем сияқты. Ағам қоңырау шалғанда, орнымнан тұрып сөйлесемін. Орындықта отырып сөйлесе алмаймын. Бұл қорыққандықтан емес, сыйлағаннан", - деген ол.

  • Қоғамдағы Болат Назарбаев туралы пікірлер

БАҚ пен әлеуметтік желіде, қоғамда Болат Назарбаевқа қатысты жағымсыз пікір де көп. Көпшілік оның кәсіпкерлік, жерге байланысты заңсыз істерін айыптайды. Айта кетейік, бұған дейін Massaget.kz тілшісі осы мәселеге орай Бас прокуратураға сауал жолдап, бұл істер қалай аяқталғанын сұраған еді.

Сондай-ақ, ашық дереккөз мәліметтерінде оның меценат ретіндегі істері туралы да деректер бар. Мәселен, Болат Назарбаев Қарасай ауданы, Алматы облысында медициналық көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсеткені, жетім балаларға материалдық жағынан көмектескені, 2010 жылы Қызылағаш ауылында апаттан зардап шеккендерге 20 үй салғаны, Шамалған ауылында 17 үй салғаны, ал "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қоры қиын жағдайдға тап болғандарға жәрдемдесетіні туралы айтылады. Сонымен қатар, қор COVID-19 вирусымен күресуге 150 миллион теңге бөлгені туралы да деректер бар.

  • Болат Назарбаевтың дерті туралы

4 қарашада Болат Назарбаев ауруханаға түсті деген ақпарат тарады. Сол кезде Болат Назарбаев инфаркт алғаны айтылды. 

Ал былтыр шілдеде "Салиқалы ұрпақ" қорының директоры Қасым Қасабеков Болат Назарбаевтың жағдайын айтқан болатын.

"Болат Назарбаев тұрақты ауыр жағдайда екенін және 2015 жылдан бері онкологиялық аурудан емделіп жатқанын хабарлаймыз", - деп жауап берген еді ол.

Экспресс

Сонымен қатар, бұған дейін БАҚ-та Болат Назарбаевтың фотосы мен видеосы жарияланған еді. Дереккөздер сол кезде дәрігерлер Болат Назарбаевтың жағдайын өте ауыр деп бағалағанын хабарлады.

Ал бүгін Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана өкілдері Болат Назарбаев қайтыс болғанын ресми түрде растады. 

"2023 жылғы 13 қарашада сағат 09.51-де ұзаққа созылған сырқаттан Болат Назарбаев қайтыс болды", - делінген жауапта. 

Сонымен қатар, бұл ақпаратты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми өкілі Айдос Үкібай да растады. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова