- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үрім-бұтағымен қарғысқа тап...
"Үрім-бұтағымен қарғысқа тап болады". Киік атса, киесі ұратыны рас па?
Қазақстанда киіктер аулана бастады. Мұндай бұйрық 6 қазаннан бастап күшіне енді. Әлеуметтік желіде жануар өлекселерінің жантүршігерлік сурет-видеолары да тарап жатыр.
Ал қазақтың таным-түсінігінде киік киелі жануар саналады, соған орай "киіктің киесі ұрады" деген сөз де бар. Massaget.kz тілшісі сарапшылармен сұхбаттасып, киікті аулау қаншалық дұрыс екенін сұрады.
"Үрім-бұтағымен қарғысқа тап болады"
Әлеуметтік желіде, қоғамда киіктің аулануына қатысты түрлі пікір бар. Басым көпшілік киіктің киесі бары рас екенін айтады.
"Біздің ауылда бір ата мүгедек боп сөйлемей қалған тамағынан. Үлкен кісілер кезінде ол аңшы болған, киік атқаннан дейтін. Оқты қайтарып ешкім жібере алмайды, бірақ киесі ұрады деп бекер айтпайды... Бір жамандыққа душар болуы әбден мүмкін", "Сенбесеңдер атып көрсін, үрім-бұтағымен қарғысқа тап болады!" - дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Тұрар Қазанғапов
"Қасқырды тоқ қылып, қойды аман қалдыратын жолдар бар"
Эколог Азаматхан Әміртай киікті аулау үшін нақты себептер керек екенін айтады. Сарапшының сөзінше, олардың санын реттеуде атудан бөлек те айла-шарғылар бар.
"Киіктерді аулау мәселесі бойынша көп нәрсе әлі түсініксіз. "Ауыл шаруашылығына зиян келтіреді" дейді, бірақ ақпарат жоқ. "Байтақ" жасылдар партиясы киіктерді аулауға қарсы. Көп мәселеде ашықтық жоқ, түсініксіз. Өзім Оралға барған кезде Бөкейхан ауданындағы шаруалар киіктерге арызданды. Оны естідік. Эмоция эмоциямен. Нақты нәтиже керек. Ауыл шаруашылығына қанша шығын келді? Мұндай ақпарат жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы ақпаратты беруі керек. Өйткені халықаралық қорларда киіктер ауыл шаруашылығына шығын келтірсе, төлейтін қаржы бар. Сондай мүмкіндіктер бар. Яғни қасқырды тоқ қылып, қойды аман қалдыратын жолдар бар. Сондай жолдарды табуды талап етеміз", - дейді ол.
Сондай-ақ, маман пікірінше, киіктер туралы мәлімет нақты әрі санмен көрсетілуі қажет.
"Киік - миграция жасайтын жануардың түрі. Ресейге көшеді, қайта Қазақстан аумағына келеді. Жануарлар әлемі табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, қазір оны ауласа, арты ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Барлық нәрсенің негіздемесі болуы керек. Жақында дөңгелек үстел өткіздік, сонда Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты ұстанымын айтпай отыр, ал Экология министрлігі міндетті түрде табиғатты қорғауы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге шығын әкеліп жатыр дейді, оны санмен көрсету керек", - дейді ол.
© depositphotos.com
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Massaget.kz-ке берген жауабында киіктердің саны туралы деректерді ұсынған еді. Жауапты ведомство мәліметінше, 2023 жылы киіктерге жүргізілген санақ бойынша Орал популяциясының саны - 1 130 000 , Бетпақдала популяциясының саны - 745 300, Үстірт популяциясының саны - 39 700. Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 915 000-ға жеткені, жыл соңында олардың жалпы саны көктемгі төлін ескергенде, 2,6 миллионнан асатыны, соның ішінде Орал таралымы 1,6 миллион болады деген болжам бары да айтылды.
Ал эколог Азамат Аяйбергенов ең бірінші киіктердің саны туралы мәлімет көңілге күдік ұялататынын айтады.
"Біріншіден, киіктерді ату арқылы реттеу мерзімінен бұрын жасалған әрекет деп санаймыз. Өйткені киіктердің жалпы саны да, оларды реттеу бойынша саны да күмән тудырады. Киіктердің саны есептік деректерді экстраполяциялау, яғни математикалық және статистикалық есептеулер арқылы әр бағытта 1600 метр 800 метр есептік жолақ енімен әуе арқылы анықталған. Киік Қазақстан мәдениеті мен табиғатының бір бөлігі саналады. Осыған байланысты ғарыш мониторингі үлгісі секілді заманауи есепке алу жүйелерін ескере отырып, есептеу қажет. Осы әдісті қолдана отырып шешім қабылдау кезінде міндетті түрде математикалық қате кетеді. Мысалы, Орал популяциясын санау сенімділік ықтималдығымен есептеледі, сөйтіп, қорытындысы ретінде шамамен 1 130 000 бас шығады. Сонымен қатар, қазіргі заманауи есепке алу құралдары болмауына байланысты көрші елдерге көші-қонды растау мүмкін емес. Сондай ақ, осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. Киікті атуға мораторий бар кезде оларды қалай атуға болады? Егер күзетші кәсіпорын олардың санын реттеумен айналысса, киіктерді кім қорғайды? Біз ғылыми ұйымдарды, ғалымдарды, жұртшылық пен халықты жұмылдырып, кем дегенде үш жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргізілу қажет деп санаймыз. ...Бұйрықта Қазақстанда киіктерді аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды, ал аңшылар киіктерді аулау мерзімін ұзартуды сұрап отыр. Жеке өзім эколог ретінде киік етін жей алмаймын, сонымен қатар, негізгі мәселе - киіктердің фермерлер мен ауыл шаруашылығына келтірген залалын есептеу және ол қандай әдістеме бойынша есептелгені", - деп түсіндірді маман.
Tengrinews.kz
"Киіктің киесі ұрады деген рас нәрсе"
Этнограф Болат Бопайұлы киік қоңыр аңдар қатарына жататынын, ал ол жануарлар киелі саналатынын айтады. Қазақта киік аулауға тыйым салатын екі уақыт бар екен.
"Киікке, қоңыр аңдарға қазақ киелі, иелі, бағалы аң ретінде қарайды. Киік мамырда төлдеген кезде, яғни Құралай салқынында оны аулауға, атуға тыйым салынады. Өйткені төлдеп жатқан кезде киікті атса, қоңыр аңдардың киесі соғады дейді. Оның ішінде бұғы, марал, бөкен, ақбөкен, дәутеке, қарақұйрық - бәрі бар. Күз болған кезде, қыстың алдында, қар жауардың алдында, қараша айларында киікті аулайды. Ол кезде қажетін ғана алады, бәрін қырып тастамайды. Ал қайта қар жауып, қыс түскеннен кейін киікті, қоңыр аңдарды аулауға тыйым салады. Тыйым салатын екі уақыт бар. Біреуі - көктем кезі, біреуі сол - желтоқсаннан кейінгі қаңтардан басталады", - дейді этнограф.
Сарапшының айтуынша, қазақта киіктің киесі ұрады деген түсінік бұрыннан бар. Оның үстіне киікті атқандар түрлі жағдайға тап болғаны жөнінде де аңыздар кездеседі екен.
"Киіктің киесі ұрады деген рас нәрсе. Ондай болған да. Кезінде төлдеген кезде, киікті аулауға тыйым салған кезде оны атқандар кем-кетік болған немесе аттан жығылып, өзі мертіккен, әйел, бала-шағасына жамандықтар көрінген деген қазақ арасында аңыздар бар. Аққуды атпайды ғой, киікті атқанда да сондай жағдай болған. Қазақ киіктерді қорғау үшін осындай дәстүрлі ырым-тыйымдар жасаған. Киіктерді қырған өңірлерде бұрынғы замандарда апат болғаны, ауру тарағаны, әртүрлі келеңсіз жағдайлар болғаны, су апаты болғаны, өлім-жітім көбейгені секілді әңгімелер де бар. Осындай аңыздар, ертегілер көп тараған. Қазақ киікті қыруды жаман ырымға балаған", - дейді Болат Бопайұлы.
Еске салайық, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктің еті, сүйегі, терісі қандай мақсатта пайдаланылатынын айтқан еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова