"Көзімізге еріксіз жас келді". Танымал блогер Ырысбала Икрамбай мұқтаж жанға пәтер сыйлады

"Көзімізге еріксіз жас келді". Танымал блогер Ырысбала Икрамбай мұқтаж жанға пәтер сыйлады
Фото: әлеуметтік желі

Танымал блогер Ырысбала Икрамбай мұқтаж жандарға пәтер сыйлап, халықтың ықыласына бөленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жолғы пәтер Қызылорда өңірінің тұрғынына бұйырды.

"Ырысты армия - мені қолдаушы, жаны жақсылыққа құмар жандардың бірігіп 87-інші алған үйі. Сыр елі, жыр елінен. Әрбір үйді дәл осылай тап-тұйнақтай етіп табыстап келеміз. Қаншама халықтың жинаған жылуы, қаншама адамның күннің аптап ыстығында,күннің ызғарлы суығында жасағандағы еңбегі бар. Аманат десем ауырлау болады, үлкен сый, бақ. Осы сыйдың қадірін түсінбегенде қалай жаның жыламайды. Мені жерден алып жерге салып жатқан еркектер өздеріңнің үйлерің осындай ма? Осындай үлкен іске бір шаңның тозаңындай үлес қостың ба, қоспасаң әңгіме айтуға не құқығың бар? Зарым бар да зорым жоқ. Барлығын көруші, білуші бір Алла. Жасаған жақсылығымыз болса да, жамандығымыз болсада алдымыздан шығады. Ештеңе жауапсыз қалмайтыны анық! Осындай игі іске атсалысқан жандардың сауап қалтасы толы болсын!" - деп жазды ол.

Блогер бұл отбасының жағдайын да айтқан.

"Жол апатына түсіп бір аяғынан айырылып протезбен жүрген Айгүл анамыз, жығылғанға жұдырық болып сынақтың үстіне сынақ келіп тұңғыш ұлы туабітті мүмкіндігі шектеулі болып өмірге келіп, 16 жыл бойы баласын жанынан тастамай сынаққа төзіп келе жатқан батыр ана бүгін өз баспанасына кіреді. Аядай ғана 1 бөлмеде өлместің күнін кешіп жүр,өз үйіңізге барасыз деп жақсы жаңалығыммен есігін қағып едім ағынан жарылып,ішіндегісін ақтарып алды. Ешбір ананы баламен сынамасын, аналарымыз біреудің есігіне қарамасын", - деп жазды ол.

Желі қолданушылары жантебірентер көрініске жылы лебіздерін жазды.

"Дайындық видеосын көрдім, өз үйніздей жуып жинап даже туалетті жуғанынызды көріп шок болдым. Өз үйіміздікін олай жумаймыз мойындай салайын. Алла бармақтай бақ берсін. Балаларыныздын денсаулығы мықты болсын", "Ырысбала ханым тоқтамаңыз, мына ананың сөзін қараңызшы", "Басына қонған бағы бар, Аман болсын аналар!", "Еріксіз көзімізге жас келді", - дейді олар.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова