- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тесламен" телеграмма таситын...
"Тесламен" телеграмма таситын пошташы
Ел мен елді, қала мен ауылды байланыстыратын пошта қызметінің сапалы болуы аса маңызды. Бұл салада өз міндетін мінсіз атқарып жатқан қарапайым жандар аз емес. Соның бірі Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында тұратын Ольга Ділдебаева. Мамандығын жақсы көретін ол газет-журналдар мен сәлем-сауқаттарды электромопедпен тасиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ольга Қылышбекқызының Жамбыл аудандық пошта торабында табан аудармай жұмыс істеп келе жатқанына 36 жыл. Білікті маман оншақты пошташылардың жұмысын қадағалап, хат-хабар бөліміне жетекшілік етеді. Бөлім қызметкерлері әр хатты мөрлеп, мәліметтер базасына тіркеп, баратын мекен-жайын нақтылайды.
"Егер қандай да бір сәйкестік болмаса, хат иесіне бармай қалуы мүмкін. Сондықтан біз барлық мәліметті мұқият тексереміз. Пошташы қызметінің өз ауыртпалықтары бар. Бұрын газет журналдарға жазушылар көп болатын. Күніне бірнеше рет ауылды аралап шығушы едім. Кейде жүріс тұрысы ауырлаған қариялардың зейнетақысын үйлерін апарып береміз. Әскердегі сарбаздар туыстарына хат жолдайды. Сондай хатты аналарының қолына табыстаған сәт еркеше қуанышқа толы болады. Жұмысымды сол үшін сүйемін", - дейді ол.
Қазір ғаламтор арқылы қалаған затыңа тапсырыс беріп, поштамен алдыртуға мүмкіндік көп. Кейде сондай жөнелтілімнің салмағы ауыр болғанда тасымал құралы керек. Мерзімді баспасөзге жазылушыларға да басылым дер кезінде жетуі тиіс. Газет-журналдарды әр үйге жеткізу үшін пошташы көшелерлі жаяу аралайтын еді. Электромопедке мінгелі бері жолы ұзарып, жұмысы да жеңілдеді.
"Денсаулық әрине бұрынғыдай емес қой. Балтырым сыздайды. Әудем жер жүрсек шаршап қалатын болдық. Хаттар мен газеттерді тасыған өзіме ұнайды. Сондықтан осы шағын көлікті 350 мың теңгеге сатып алдым. Жұмысқа мініп барамын. Жаяу жүргенде бұралқы иттер маза бермейтін. Қазір олардан қорықпаймын", - дейді өзі "Тесла" деп атайтын электромопедті тізгіндеген Ольга.
Техника тілін тез меңгерген ол Ұзынағаш көшелерімен зуылдатып, апталық басылымдар мен хаттарды тасып жүр. Ал, ауыл тұрғындары Ольганың келуін асыға күтеді.
"Бұл кісіні ылғи көреміз. Уақытысында газетімізді әкеледі. Өзі қол қойдырып алады. Міне алдыңыз деп айтады. Еңбегі әруақытта өтімді болсын. Халқына істеген еңбегі ақталсын", - деп ризашылығын айтады ауыл ақсақалы Байқалы Нүкетаев.
Қырық жылға жуық уақыт еңбегін адал атқарып келе жатқан Олга Қылышбекқызы ауылдың әр көшесі мен бұлтарысын жатқа біледі. Өйткені, көп жыл ауылды жаяу аралаған. Ал қазір шағын ғана көлігімен күн сайын он шақырымдай жер жүріп, жұмысын атқарып тастайды.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы