Баланы неше жастан бастап бөлек жатқызу керек? Қазақстандық педиатр жауап берді

Баланы неше жастан бастап бөлек жатқызу керек? Қазақстандық педиатр жауап берді
Фото: freepik.com

Жаңа туған нәресте анасымен бірге ұйықтаса, өзін қауіпсіз сезінеді және ол анасына да оңай болады. Дегенмен кейбір отбасыда баланың ақыл-есі кірсе де ата-анасымен бір төсекте жатады. Ал мамандар мұның дұрыс емес екенін айтқан. Сонымен баланы қанша жастан бастап бөлек жатқызу керегін 40 жылдық тәжірибесі бар балалар педиатры және жанұялық дәрігер Бақытгүл Әуілбекқызы "Қайырлы таң" бағдарламасына айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балалар педиатрының айтуынша, бала нәресте кезінде анасымен жатқаны дұрыс, бұл оның денсаулығына пайдалы, бірақ оны дер кезінде бөлек жатқызып, үйрету керек.

"Бала туғаннан кейін анасынан бөлініп кетуі қиын. Өйткені ол кішкентай, тіпті әлі қырқынан да шықпаған кезінен бастап анасымен бірге ұйықтайды. Медицина бойынша бала 2,5 жасқа дейін анасымен бірге жатуына мүмкіндігі бар, бұл баланың тыныш ұйықтау, миының тынығуы және дұрыс тамақтануына пайдалы. 2,5 жастан бастап бала анасынан бөлінуі керек. Себебі, ата-анасы бірге жатқан бала ұйықтамай, мазасыздануы мүмкін, сондықтан осы жастан бастап баланы бөлек жатқызу керек. Бала тыныш ұйықтасын деп бірге ұйықтау дұрыс емес", - дейді Бақытгүл Әуілбекқызы.

Жанұялық дәрігер аналарға баланы бөлек жатуға үйрету үшін бірнеше кеңес берді.

"Ең алдымен, төсектеріңізді бөлу керек. Мысалы, төсек орныңыздың жанына оның манежын қоюға болады. Баланың өзінің бөлек төсегі болуы керек.

Оған қоса ата-ана баласын ұйықтату үшін ән, ертегі айтып, сипап ұйықтатқан жөн", - дейді ол. 

Сонымен қатар, дәрігер аналардың жиі жіберетін қателігін де бөлісті. 

"Өзім күніне кем дегенде 6-7 бала қабылдаймын. Менің ең таңғалатыным, аналар баланы емізгенде қолына ұялы телефон ұстап, қарап отырады. Ұялы телефон қарап отырып, баланы емізу дұрыс емес. Онымен сөйлесіп, әңгімелесіп отырып емізу керек", - деді балалар педиатры.

Айта кетейік, бұған дейін психолог, медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Молчанова "Доктор Питер" басылымына берген сұхбатында балалар қай жасқа дейін ата-анасымен ұйықтауға болатынын айтқан еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: «Бие қысырамас» деген қандай ырым?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә