"Бірінші кездесудегі өлім, 18 жерден пышақтау". Елдегі әйелдерге қатысты жасалған жантүршігерлік қылмыстар

"Бірінші кездесудегі өлім, 18 жерден пышақтау". Елдегі әйелдерге қатысты жасалған жантүршігерлік қылмыстар
Фото: Желіден

Кейінгі жылы әйелдерге қатысты зорлық қылмыстары көбеймесе азайған жоқ. Ranking.kz мәліметінше, 2022 жылы 70 әйел тұрмыстық зорлық кезінде қайтыс болған. Күні кеше Ұлттық экономика министрлігін бұрын басқарған Қуандық Бишімбаев әйелін мейрамханада аяусыз ұрып тастаған. Әйел жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. Massaget.kz тілшісі биыл елімізде әйелдерге қатысты болған жантүршігерлік қылмыстарға және олардың немен аяқталғанына шолу жасады.

Бірінші кездесуде өлтіріп кеткен

20 қазанда Алматының Түрксіб ауданында арықтан қыз өлі табылған болатын. Қалаға әке-шешесін асырау үшін барған ару қаза болмастан бұрын әпкесімен тілдескен екен. Марқұм қыз әпкесіне жігітпен кездесуге барып келетінін айтқан.  

"Жігітпен сағат 20:30-да кездескен. Ол жігіт туралы маған айтқан. 1991 жылы туған алматылық жігіт №148 мектепте оқыған. "Бір сағат кездесемін, ертең жұмыс, ертерек келіп, демалуым керек" деген ол қайтып келмеді", - деді марқұмның әпкесі Әйгерім Кенчебаева.

Фото: Almaty.tv кадры

Кафедегі кездесу көңілінен шықпаған қыз, арада жанжал шыққан соң 102-ге хабарласып үлгерген. Әпкесінің айтуынша, далаға қашып шыққан қызды күдікті итеріп жіберген.

"Арықтың ішіне құлаған қыздың басына қан құйылған. Ал жігіт кетіп қалады. Бірақ 15-20 минуттан кейін келіп, Айнагүлдің телефонын жанына қояды да, қайта кетеді. Сұмдық қой, көріп тұрып, көмек көрсетпеген", - деді марқұмның әпкесі Әйгерім Кенчебаева.

Қайтып келмеген қызының мәйітін тануға сағат 02:00 шамасында әкесі барған. Қол-аяғы қалтырап қайтқан күйі Айнагүл екеніне сенбеген. Алайда ақ халаттылар миына қан құйылған деп диагноз шығарып беріпті.

Қазіргі таңда бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 1991 жылы туған күдікті ұсталып, қамауға алынды. 

18 жерінен пышақталған заңгердің өліміне қатысты іске нүкте қойылды

Бір жыл бұрын Алматыда жантүршігерлік қылмыс болды. Алматылық адвокат Айман Асанова өз үйінде өлі табылды. Тергеушілер танымал адвокаттың өліміне оның бұрынғы күйеуі 52 жастағы Талғат Нұртаев кінәлі екенін анықтаған. Бір қызығы Нұртаев бастапқыда адам өлтіргені үшін небәрі 1,5 жылға сотталған болатын. 

Қазақстандық заңгер Айман Асанова былтыр 12 қазанға қараған түні ауруханада қайтыс болды. Қайғылы оқиға болардан төрт күн бұрын оның бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев Айман Асановамен "мүлікті бөлісуді талқылауға" келген. Экс-жұбайлар арасында дау туып, Нұртаев Асанованы 18 жерінен пышақтап тастаған. Соққының көбі 42 жастағы заңгердің басы мен мойын тұсына тиген.  

Айман Асанова. Фото: ашық дереккөз

Бастапқыда ауыр қылмыс жасаған Талғат Нұртаев алты күндей жасырынып, артынша Алматының Алмалы ауданындағы полиция бөліміне өзі адвокатымен бірге келген.  

Бірінші инстанциядағы сот Талғат Нұртаев қылмысты аффект жағдайында жасады деп шешіп, небәрі 18 айға, яғни 1,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Марқұмның туыстары соттың бұл шешімімен мүлде келіспеді. Оның үстіне сот шешімі қоғамда қызу талқыға түсіп, дау тудырды. 

Осылайша 27 маусымда Алматының қалалық сотының апелляциялық коллегиясы сот үкімінің күшін жойып, істі толық тергеуге жіберген болатын. Күні кеше заңгер Айман Асанованы өлтірді деген экс-күйеуіне қатысты жаңа сот үкімі шықты. Бұл жолы сот Нұртаев Асанованы қасақана өлтірді деген шешім шығарды. Сот Нұртаев заңсыз, қасақана адам өлімі үшін кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Сүйіктісін аяусыз зорлап, металл затпен ұрып өлтірген 

Қостанай облысының Федоров ауданында ер адам өзінің сүйіктісін аяусыз зорлап, өлгенше ұрып өлтірген. Ер адам әуел бастан агрессия танытып жүргені анықталған. Жәбірленуші ер адаммен екі ай бірге тұрған. Кейін ер адаммен ары қарай бірге өмір сүре алмайтынын түсінген. Сөйтіп екеуі екі жаққа кеткен.  

Бірақ біраз уақыттан кейін екеуі қайтадан кездескен. Әйел адам ер адам сыйлаған телефонды қайтармақ болған. Татуласамыз деп ойлап қалған күдікті алкоголь ала келген. Екеуі әңгімелесіп отырған кезде қайтадан жанжалдасып, ер адам әйелді бірнеше рет жұдырығымен, металл затпен ұрып тастаған. Әйел қайтыс болған.  

Ер адам әйелдің ауыр жағдайда жатқанына қарамастан аяусыз зорлап тастаған. Артынша ештеңе болмағандай ұйықтап қалған. Таңертең ер адам жәбірленуші ессіз жатқанын көрген. Сол кезде күдікті танысына хабарласып, ол полицияға хабарлаған.  

Жәбірленуші тарап күдіктіні максималды жылға соттауды сұраған. Қылмыстың ауырлығын ескере келе күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Үш баланың анасы өлі табылды

2022 жылы 3 тамызда Қызылордада жантүршігерлік оқиға болды. Үш баланың анасы, 27 жастағы Ажар Шадиеваны 29 жастағы күйеуі өлтірген. Қылмыскер 12 жылға сотталды. Ажардың үш баласын анасы қамқорлығына алды. 


Фото:instagram.com/nemolchi.kz

Ажар мен күйеуі 2015 жылы үйленген. Туыстарының сөзінше, күйеуі жиі қол көтеретін. Қайғылы оқиға болған күні марқұм әйел күйеуімен туған күнін атап өтуге бармақ болған. 

Экс-министр әйелін ұрып өлтірген

Бұл оқиға күні кеше Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді. Telegram-арналардағы мәлімет бойынша, бұрынғы шенеунік әйелінің денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген. Ал салдарынан әйел қаза тапқан.

"Алдын ала мәліметтер бойынша сыбайлас жемқорлыққа байланысты жазасын өтеген бұрынғы шенеунік мас күйде әйелін мейрамханада ұрып-соққан", - делінген арна мәліметінде.

Марқұмның аты-жөні - Салтанат Нүкенова. Дәрігерлер оның 1992 жылы дүниеге келгенін мәлімдеді. Әйел 31 жаста болған. Telegram-арналарда оның Павлодардың тумасы екені айтылып жатыр. Салтанаттың әлеуметтік желідегі парақшасы жабық. Алайда Telegram-арналар мәліметінше, оқырмандары оның бір ай бұрын жүкті екенін айтқанын жазып жатыр.

Сонымен қатар, ашық дереккөз мәліметтерінде Салтанат Нүкенова Павлодардың экс-әкімі Қайрат Нүкеновтің туысы екені де айтылады. Ал марқұм әлеуметтік желідегі парақшасында астрологиямен айналысатынын айтып, консультацияларының құнын да көрсеткен. Мәселен, оның астрологиялық консультациясы 80 мың теңге тұрған. 

Қуандық Бишімбаев 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді. Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды. Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина