Министр Шарлапаев Қазақстан нарығы қандай жағдайда дамитынын айтты

Министр Шарлапаев Қазақстан нарығы қандай жағдайда дамитынын айтты
Фото: elements.envato.com

Әлем халқы электр көліктеріне отырса, Қазақстан мыс өндірісі дамиды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның пікірінше, Қазақстан тиімді дамуы үшін өзінің шикізаттық базасын дұрыс пайдалануы білуі керек. Себебі, бүгін әлем нарығында қолайды жағдай қалыптасып отыр.

"Қазақстан өзінің ресурстық базасы есебінен – бәсекеге өте қабілетті ел. Мысты мысалға алайық. Бүкіл әлем жасыл экономикаға, автомобильдерге арналған электр қозғалтқыштарға көшіп жатыр. Орта есеппен Tesla және басқа тоқпен жүретін көліктерде 2-3 электр қозғалтқышы бар. Оған 14-15 келі мыс орамасы керек", - деді министр.

Ол аталған мүмкіндікті пайдалану керек деп санайды.

"Бұл нарықтың өсу шегі әлі анықталмады. Бәрі токпен жүретін көліктерге ауысса, жаһан елдері қол қойған халықаралық келісімдер аясында жасыл экономика мақсатына қол жеткізгісі келсе, әлемде мыс өндірісі екі есе артуы қажет. Осыған байланысты біз катодты мыс сияқты дайын өнімді шығаратын болсақ, нарықтың дамуы үшін Қазақстанда жеткілікті әлеует бар деп санаймыз.

Екінші маңызды элемент – маңызды минералдар. Автомобиль қозғалтқыштарына арналған батареялар осыдан жасалады", - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі елімізде мыс балқыту зауыты салынатынын айтқан.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz