"Дизайнерлер ою-өрнек қолдануды білмейді". 20 жылдан бері кілем тоқумен айналысатын қолөнер шеберімен сұхбат

"Дизайнерлер ою-өрнек қолдануды білмейді". 20 жылдан бері кілем тоқумен айналысатын қолөнер шеберімен сұхбат
Фото: Желіден

Бұлбұл Кәпқызы – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Баян-нұр елдімекенінде дүниеге келіп, Қазақстанға көшіп келген қолөнер шебері. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы "Nomad" қолөнер орталығында этнограф болып қызмет атқарады. Қазақтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін, ертеден келе жатқан қолөнер ісін берік ұстанатын маман кәсібі мен ою-өрнектің қолданылу ерекшелігі туралы Massaget.kz тілшісіне айтып берді.

"Анамнан үйрендім"

Ол Моңғолиядан атажұртқа 20 жыл бұрын көшіп келген. 

@bulbulkapkyzy Өнер адамды тылсым таңғажайып әлемге жетелейтін ұлы күш иесі !! #БұлбұлКәпқызы #мәдениет #өнер #қазақ ♬ оригинальный звук - Bulbulkapkyzy

"Балалық шағым Монғолияда өтті. Мектеп бітірген соң есепші мамандығын меңгердім. Киіз үйде өсіп, сол жерге келін болып түстік. Нағыз қазақи өмірде өскендіктен, осы іс бұйымдар жасауға жақын болдық. Әжеміз бен анамыздың арқасында тұрмыста қажетті істердің бәрін меңгердім. Бала күнімнен қолөнерге қызығамын. Соның ішінде анам Егеухан Мұхамәдиқызынан терме, киіз тоқу, тоқыма мен кесте өнерін үйрендім. Әрбір бұйымымның ерекшелігі сол шашақталып кетеді. Себебі қазақ дүниені түйіндемеген. Мұның артында әрі қарай өнер жалғасып, ұрпағым өсіп-өнсін деген ниет жатыр. Қазіргі таңда осы өнермен заманауи үлгіде айналысып жүрмін", - деді ол.

Оның айтуынша, отыз жасында жолдасы қайтыс болған. Он жылдай үш баласын асырау үшін көлік жүргізіп, адам тасыған.

"Негізгі мамандығым - экономист-есепші. Қазақстанға келген соң аяққа тұрып, балаларымды асырау керек болды. Мамандығым бойынша жұмысқа тұра алмадым. Себебі орыс тілін жетік білмедім. Сөйтіп,үш азаматты оқытып, жоғары білім беру үшін көлік айдадым. Неге бұл қызметті таңдады десеңіз, балаларымды сабаққа, үйірмелерге апарып, әкелу керек болды. Басқа жұмысқа кірсем, оларға көңіл бөле алмай қалатын едім. Сол үшін такси қызметінде жүріп, өз-өзіме қожайын болдым. Кенже ұлым 10-сынып бітіргенше жүрдім. 2015 жылдан бастап, сүйікті ісім қолөнермен шұғылданып, әрі қарай тереңдей бердім. Қазір кенжелеп қалғандықтан адамдардың қызығушылығы көп болды", - деді Бұлбұл Кәпқызы.  

"Сұраныс көп түседі"

Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, осы салада орталықтан этнограф болуға ұсыныс түскен.

"Алматыдағы Шамалған селосында "Nomad" ат спортын жандандырып жүрген ұлттық орталық бар. Сол орталықтың басшылары маған этнограф болып жұмыс істеуге ұсыныс айтты. Сүйікті жұмысым болғандықтан қуана қабылдадым. Бірақ бұл бағытта жүйелі жұмыс жасау үшін білім алу керегін түсіндім. Сөйтіп, Қазақ ұлттық Қыздар университетіндегі өнер және менеджмент факультетіне түсіп, қосымша білім алдым. Бұл саланы білгендіктен, мұны үйреніп, әрі қарай дамыту маған қиын болмады. 2018 жылы ЮНЕСКО-ның "Сапа" белгісінің иегері атандым", - деді қолөнер шебері.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бұлбұл Кәпқызы (@bulbul_kapkyzy)

Қолөнер шебері сұраныстың көп екенін айтты.

"Жалпы халықтың назары табиғи нәрсеге ауып келе жатыр. Қазір өрмек өнерімен айналысамын. Бұдан кілем, алаша түрлерін, киіз үйдің барлық жасауларын тоқимын. Ескі дүниелермен қатар, белбеу, бас киім, сөмке, жиектер тоқып беремін. Соларға сұраныс көп түседі. Адамдар үйлеріндегі бір бөлмені қазақи етіп безендіруге ұмтылып жатыр. Сол жағынан интерьер таңдап беремін. Бұл өнердің жүгі ауыр деп айтар едім. Жалғыз өзің бітіру мүмкін емес. Маған бала-келіндерім жібін дайындап, станокты құрып, бәріне көмектеседі. Олар менің көмекшілерім деп айтар едім. Кілем тоқимын ғой, бірақ оған сұраныс аз. Ал алаша, термебауға тапсырыс көп", - деді ол.

"Ою-өрнекті орынсыз қолданады"

Ою-өрнек – рухани өмірдің айнасы сан қырлы ұлттық өнеріміздің бір саласы. Бұлбұл Кәпқызы бүгінде дизайнерлер ою-өрнектерді орынсыз қолданатынын атап өтті. Қазақтың бұл құндылығын орынсыз қолдануға болмайды, танып білу керек дейді. 

@bulbulkapkyzy

♬ оригинальный звук - Bulbulkapkyzy

"Қазіргі дизайнерлер ою-өрнекті кез келген киімге салатын болған. Орынсыз көп қолданады. Мұндай құндылығымызды оңды-солды қолдануға болмайды. Оюды тұрмыста көп қолдану керек. Мәселен, киіз үйдің жасаулары, киім-кешектер, қолданбалы қолөнер бұйымдарында, сандық, абажа, адалбақан, бесікте, т.б. бейнеленген. Сондай-ақ, тағы бір түрі зергерлік бұйымдарға, яғни сырға, әшекейлерге, мавзолей, монша, түрлі нысандарға қолданған. Тұрмысқа шыққан қыз әке-шешесіне жағдайын айту үшін кесте тігіп, жіберіп отырған. Яғни, қазақ ою-өрнек арқылы сөйлескен", - деді ол.

Оның айтуынша, ою-өрнектердің өзіндік мән-мағынасы болған.

"Қазақ әйелдің жасын сұрамаған. Оның әлеуметтік статусын, жасын, жағдайын киген киіміне қарап анықтаған. Жаңа туған баланың иткөйлегінде ою-өрнек болмаған. Тек балалардың бас киіміне сәндік үшін аз ғана ою салған. Қыз балалар киімінде құс қанаты сияқты, бөрік пен сәукелеге құстұмсық оюы, ал ер азаматтардың киімінде тау тектес оюлар салынған. Яғни, әрқашан биік болсын деп ниет еткен.

Қос мүйіз, ай мүйіз, қошқар мүйіз оюлары киіз үйдің туырлығына, сырмаққа салатын болған. Бұл оюлар - асқақтықтың,байлық пен мырзалықтың белгісі. Яғни, "қорам қойға, өрісім малға толсын" деп ырымдаған. Өзім таңдай тектес сынық мүйізді көбірек қолданамын", - деді қолөнерші.

"Ұлттық өнер мектебін ашқым келеді"

Болашақта Бұлбұл Кәпқызы қазақи дүниелерді мұражайға қойғысы келетінін айтты.

@bulbulkapkyzy

♬ оригинальный звук - Bulbulkapkyzy

"Эрмитажға тұрған дүниелерге жаным ашиды. Неге сондай асыл мұраларымыз өзіміздің мұражайда тұрмайды? Болашақта қазақ кілемін мұражайға қойғым келеді. Соны әрбір қазаққа үйреткім келеді. Өнер мектебін ашып, дәріс бергім келеді. Осындай мектеп ашуға қолымыз жетпей жүр. Ұлттық өнердің қалпы бұзылмай кейінгі ұрпаққа жеткенін қалаймын", - деді ол.

Оның қазір бірнеше қалада шәкірті бар.

"Тоқудан бөлек, еліміздің әр қаласындағы үйренушілерге ши тоқу, алаша, кілем, өрнек , кесте тігу сабақтарынан дәріс үйретемін. Барлығын қолмен тоқимыз. Мақта, жібек, жүн жіптерді пайдаланамын. Қазір қызығушылық та, сұраныс та көп. Парақшалардағы сұрақтарға жауап беретін уақыт таппай қаламын",- деді ол.

"Кім көрінгенге шапан жауып кеттік"

Қолөнер шебері осы талантының арқасында бірнеше марапатқа да ие болған.

"Осы өнердің арқасында "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталдым. "Жылдың үздік тоқыма шебері" деген марапат белгісін алдым. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмын. Жинаған тәжірибем бойынша кітап жаздым. Қазіргі таңда "Атамұра" баспасында дайындалып жатыр. Алдағы уақытта жарық көреді. Бұдан бөлек өрмек тоқу саласы бойынша екінші кітап жазғым келеді. Бұл өнердің алуан түрі бар. Оны ажыратып, жасайтын адам санаулы. Соны зерттеп, жазу ойымда бар", - деді ол.

Ол қазіргі адамдардың киім киісіне көңілі толмайтынын айтты.

"Қамзол, кимешек, шапанды кім кию керек?" дегенді жиі насихаттаймын. Қазір киіп жүрген адамдардың киіміне көңілім толмайды. Біз қырғыздардың айдақдатып салып берген өтірік оюлары бар шапандарды құдалықта бір-бірімізге сыйға тартамыз. Ал күнделікті өмірде мүлде ұлттық киім кимейміз. Бір қынжылтатыны, халық оюы бар киімнің барлығын қазақи киім деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Кезінде бабаларымыз "ат-шапан айыппұл" деп, адамның өліміне де шапан берген. Ал бүгінде көрінген адамға шапан жаба береміз. Байқасаңыз, шапанға жабылған оюлар да мәнсіз-мағынасыз боп кеткен", - деді шебер.

 Еске салайық, бұған дейін "Жауына ғана сыйлаған". Қолөнер шебері ұлттық оюдың астарын түсінбей жүргені туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Тулақ шашу деген не?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы