- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Ринат Заитов...
Депутат Ринат Заитов кәсіпкерлер неден қорқып отырғанын айтты
Бүгінде елімізде кәсіпкерлер мораторий бітеді деп қорқып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Заитов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Заитов Ұлттық экономика министі Әлібек Қуантыровқа сұрақ қойды.
"Бізге көп өтініш түседі. Қателеспесем, 2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Шағын және орта бизнестің осы мүмкіндікті пайдаланып, дамуына біресе пандемия, біресе инфляция кедергі болды. 2024 жылы кәсіпкерлер мораторий бітеді деп отыр. Қазір олар екі көзі бақырайып, "Бізді қайта тексере бастайды" деп қорқып отыр. Сіз тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара сұрайды.
Бірінші сұрағым. Осы жағынан шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты қандай іс-әрекеттер жасалады?
Екінші сұрағым. Ауылдағы халық мал бағады. Олар малдың етін сатайын десе, дұрыс бағамен сата алмайды. Не тері, не жүн өңдей алмайды. Не ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарлама бар?", - деді депутат.
Әлібек Қуантыров кәсіпкерлер алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.
"Жыл соңына дейін тиісті мораторий микро және шағын бизнеске ұзартылды. 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап Үкімет 70 қадағалау саласында тәуекелді басқару жүйесін енгізді. Осындай физикалық тексерулер тиісті автоматтандырылған, жасанды интеллекпен анықталады. Ол адамның қатысуынсыз жүреді. Сондықтан физикалық тексерулер жайдан жай белгіленбейді. Заңдар бойынша осындай тексерулер 2 есе қысқартылады, ал субъектілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы бірнеше есе қысқартылады. Әрине, осындай бақылау өз күшінде қалады", - деді министр.
Ол ет өнімдерін тексеру қауіпсіздік үшін маңызды екенін жеткізді.
"Ауыл шаруашылығы саласында ет пен өзге өнімдерді міндетті түрде тексеру керек. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің тексеруді өткізуге болады", - деді Әлібек Қуантыров.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz