"Токты қиып кетем деп қорқытады". Алматы облысының тұрғындары 3 күннен бері жарықсыз отыр

"Токты қиып кетем деп қорқытады". Алматы облысының тұрғындары 3 күннен бері жарықсыз отыр
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

"3 күннен бері жарықсыз отырмыз". Алматы облысы Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары осылай деп редакциямызға шағым түсірді. Айтуларынша 150-ге тарта үйдің электр қуаты жалғанған жекенің қолындағы трансформатр қысымды көтере алмай істен шыққан. Салдарынан үйлерінде электр қуатына байланған жылу жүйесі де, ауыз суда жоқ. Қара суықта жылусыз қалған жұрт жарықтың мәселесін әкімдік тезірек шешіп берсе дейді. Тұрғындардың талабын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Мұхаметжан Түймебаев ауылының тұрғыгдары. 

Шырын Қиябаева 3 жыл бұрын дәл осы Мұхамеджан Түймебаев ауылына көшіп келгендердің бірі. Келгелі бері көрген қорлығымыз көп дейді. Әсіресе бір өшіп, бір жанған жарық мәселесі әбден мезі еткен. Электр қуатының жоқтығынан жылу жүйесі істен шығып "балаларым ауырып қала ма" деп алаңдайды. 

"3 күннен бері жарықсыз отырмыз. Электр қуаты жоқ болса жылу жүйесі, ауыз су барлығы сап тыйылады. Үйіміздің іші қара суық. Балалар кішкентай. Сабаққа суық сумен жуынып кетті. Әкімдіктің алдына талабымызды айтып талай бардық. Біз осы жерден үй салып, инфрақұрылымның барлығын қалтамыздан қаражат шығарып өзіміз жүргіздік. Үкіметтен ешқандай көмек болмады", - дейді Шырын Қиябаева. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Даудың басы трансформатрды "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ өткізу үшін 50 мың теңгеден жинау керек деген Болат Бегимовтың сөзінен басталған. Трансформатрдың иесінің талабына халық қарсы болыпты. Содан кейін бұқараның жарығы жаз бойы өше беріпті.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Мұхаметжан Түймебаев ауылының тұрғыны Мөлдір Сариева. 

Маусым айында әкімдік АЖК-ға өткіземіз, тіректерді жүргіземіз, 2 аптада бәрі реттеледі деді. Алайда 5-6 ай өтсе де ешқандай нәтиже жоқ. Сол маусым айынан бастап тарифты 35 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Әр үй кем дегенде 15-20 мың теңгеден төлейміз. Жаз бойы азық-түліктің барлығы ашып кетті, тұрмыстық техниканың күймегені жоқ", - дейді Мұхамеджан Түймебаев ауылының тұрғыны Мөлдір Сариева. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Әр үй кем дегенде 250-350 мың теңгенің арасында үйлеріне электр тогын жүргізген. Шамамен 100 үйге арналған трансформатрға 150-ден аса ағайынның жарығы жалғаныпты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Қысымның көптігінен трансформатр балқып жатыр. 

Ал жарықтың ақшасын жинайтын адамның үйінде электр қуаты өшпейтін көрінеді. Арнайы трансформатор орнатып қойған. Тіпті тұрғындарға көрсеткен қызметі үшін 500 теңгеден жинап келген. Алайда Ләззат Шатанова жұмысы үшін бұқарадан ақша алғанын мойындамады. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жарықтың ақшасын жинаушы - Ләззат Шатанова.

"Менде осы жердің тұрғынымын. 2015 жылы трансформаторды қосқан кезде 15-ақ үй болды. Солардың арасынан электр қуатының ақшасын маған жинауды тапсырды. Мен ешкімнен 500 теңгеден жинаған емеспін. Болат маған жалақы төлемейді. 8 жылдың ішінде қосылғандардың саны 150 үйге жетті. Бізге тарифті "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС белгілейді. Маған бірінші қарашадан бастап тариф бағасын 40 теңгеге көтеру туралы хабарлама жіберді. Әр жарты жыл сайын тариф қымбаттайды", - деді жарықтың ақшасын жинаушы Ләззат Шатанова. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жарықтың жоқтығынан кір мен ыдыс-аяқ жуылмай жиналып қалған.

Шатанованың сөзіне сенсек жеке трансформатрға жауаптылар қарашаны қанауды жалғастыра бермек. Ал әкімдік өкілі жарықтың мәселесін түпкілікті шешу үшін оны жекенің құзырынан мемлекет меншігіне өткізу керек дейді. Ал ол үшін трансформатр иесі "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ның талабын орындауы тиіс. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімінің орынбасары - Кенже Бурхина. 

"Бұл трансформатр электр қуатын Ащыбұлақ ауылдық округінің 91-қосалқы станциясынан алып отырған жоқ. Ол Қоянқұс елді мекеніндегі трансформатрдан алып отыр. Сол себепті біз АЖК-ның бригадасын жібере алмаймыз. Болат Бегимовтан трансформатрды мемлекет меншігіне алғанымызбен, оның техникалық жағдайын тексеру "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ның мойнында болады. Тип кабельдері 10 жылдан асып кеткен, электр қуатының тірегінің өзінің гарантиясы бар. АЖК солардың барлығын Болат Бегимов ауыстыру керек деп отыр. Содан кейін ғана балансына алады", - деді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімінің орынбасары Кенже Бурхина. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Әкімдік өкілінің сөзінше электр қуатын мемлекет меншігіне алғаннан кейін жобалау сметалық құжаттамасына сай қаражат сұралады. Қаражат берілгеннен кейін 1 жылдың ішінде конкурс ойнатылады. Мемлекеттік сараптамадан өтсе жұмыс 3 жылға созылады екен. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Сондай-ақ жауаптылар трансформатр жекеменшіктің қолында болған кезде тұрғындардан ешқандай арыз-шағымның түспегенін алға тартты. Бірақ бұл бұған дейін бұқарада жарықпен мәселе болмады деген сөз емес. Ауыл тұрғындары Бегимов Болат осы уақытқа дейін "тоқты қиып кетем деп қорқытып келді" дейді. 

"Бегимов Болат 2014 жылы трасформатрды әкеліп қойды. 2015 жылы үйімізге жалғап берді. Сол уақытта көршіңе жарық берме. Міне ақшаңды санап берем, қазір тоқты қиып кетем деп қорқытып келді. Ал біз арыз жазып, заңгер шақырайық десек бізге айтады: Сендердің ақшаларыңды санап берем, бізде ешқандай келісімшарт жоқ, - дейді. Сол себепті біз ештеңе дәлелдей алмаймыз. Содан кейін халық үндемей келді.  Басында 50-60 үйді көтереді деген. Ал қазір 150 үйді жалғап қойды. Ақшаға құнығып бәріне сатып жіберді", - дейді ауыл тұрғыны.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Әкім халыққа жақын болса бұл былықты білер еді. Бір трансформатрды жаңалауға 3 жыл уақыт кетсе, 10 жылда үшеуін мемлекет меншігіне қайтаруға болады. Алайда ағайын ашынып, кабинетінің алдына келсе ғана жылы орнынан жыбырлай кететін жауаптылар тек биыл ғана 14 көшеге өтінім беріліп, 324 миллион қаражат бөлінгенін айтты. Тендер ұтып алған "Кернеу" ЖШС жұмысын бастап кеткен. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Жалпы ауылда жекенің құзіретіндегі 5 трансформатр бар. Сол себепті әлгі мемлекет меншігіне бөлінген қыруар қаржының жақсылығын біз мәселесін жеткізген жаңа құрылыс аумағындағы ағайын көрмейді. Ашуға булыққан тұрғындар жарықтың мәселесін түпкілікті шешпесе, жолды жабамыз деп бекініп отыр. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов