"Бағасы - 150 мың теңге". Шылаушынды табыс көзіне айналдырған кәсіпкер

"Бағасы - 150 мың теңге". Шылаушынды табыс көзіне айналдырған кәсіпкер
Фото: Желіден

Алматы облысындағы Ақдала ауылында тұратын Мархабат Қуандықов ерекше кәсіп бастады. Шаруа "калифорниялық қызыл шылаушындарды" асырап, топырақ құнарын арттыратын биогумос өндіріп жатыр. Соның арқасында биыл бау-бақшасындағы көкөніс берекелі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мархабат Қуандықовты шылаушын өсіруге достары шақырған. Былтыр Алматыдағы оқу семинарына қатысып, сертификат алады. Шылаушын асырау арқылы пайдалы іспен айналысуға болатынын түсінді.  Сөйтіп бір шаршы метр жерді тыңайтуға жететін "калифорниялық" қызыл шылаушындарды 150 мың теңгеге сатып алды. Бақшасындағы қи аралас топыраққа жіберіп бағады. Кәсіпкер көп ұзамай шылаушын 500 шаршы метр жерге жайылатынын айтты.

"Шылаушынмен дәнді-дақылдарды, шөп пен  жоңышқаны да өсіруге болады. Жүгері де жақсы өнім береді. Шылаушын топырақтың биорганикалық құрамын байытады. Қазір көктемге қамданып жатырмыз. Қыста қи аралас топырақты жерден  1-2 метрге көтереміз. Қиға сабан араластырамыз. Шығыс жағын көтереміз де батыс жағын төмендетеміз. Сол кезде шылаушын суыққа тоңбай, өзінің қалыпты температурасын сақтап тіршілігін жалғастыра береді", - деді кәсіпкер.

Бастапқыда өз ісін он шақты жауын құртымен бастаған шаруаның кәсібі ауылдастарына таңсық көрінді. "Құрт өсіріп уақытты босқа құртқанша, мал басын  көбейтпей ме" дегендер болған. Бірақ Мархабат көктемде иелігіндегі  10 гектар бау-бақшасын  биогумуспен тыңайтты. Нәтижесінде қарбызы допша үрленіп пісті. Ал бір түп қызанақ бір шелек өнім берді.

"Алғашқы тәжірибеміз болған соң әр түпке тыңайтылған топырақты уыстап салдық. Уақытылы суғардық. Қауын, қарбыздың өнімділігі екі есе арты. Ал, қияр мен қызанақ тіпті мол өнім берді. Бүгін жинап алсаң, екі күннен кейін сол түптегі көкөніс пісіп тұрады. Жинап үлгере алмай қалдық. Шылаушын өсірудің технологиясы қиын емес. Қи мен ми, су мен ылғал болса жеткілікті", - дейді шаруа.

Бақшадан төрт есе артық өнім алған кәсіпкер құнарланған топырақты ауылдастарына таратқан. Бақанас аймағының жері сортаң, тұзды, керішті келеді. Көкөніс пен жеміс-жидек өсе бермейді. Ал шылаушынмен тыңайтылған жердің құнары артып, бақша дақылдарын молынан өсіруге болады.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы