- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ иткөйлекті неліктен...
Қазақ иткөйлекті неліктен теріс қаратып тіккен?
Қазақтар жаңа туған сәбиге 40 күн толғанша ғұрыптық көйлек "иткөйлек" кигізеді. Бірақ сізде иткөйлектің тігісі неліктен теріс қарап тігіледі деген сұрақ туды ма? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне этнограф Болат Бопайұлы жауап берді.
Этнографтың айтуынша, иткөйлектің негізгі мағынасы балаға жағымды, жұмсақ киім болуы. Иткөйлекті баланың нәзік денесіне батпасын деп арнайылап табиғи ақ матадан не шыт, сиса, бәтес, бөз секілді жұмсақ матадан тігісін сыртына қарата тігеді.
"Бала туғаннан кейін 40 күн бойы оның өмірі "қатерлі өмір" деп есептелінеді. Баланың терісі жұмсақ, сүйегі бос, мойны қатпаған, басындағы еңбегі бос болғандықтан, 40 күн бойы иткөйлек кигізеді. Иткөйлекті "ихрам" секілді әржерінен іліп-іліп, баланың денесіне жіп батпасын деп, теріс қаратып тігеді", - дейді маман.
Оны баланы пәле-жаладан қорғасын деп ырымдап кигізген. Сәби жақсы өссін, ғұмыр жасы ұзақ болсын деп иткөйлекті кең етіп тіккен.
"40 күннен кейін бала қарақұлақтанды деп, шілде суына шомылдырып, қырқынан шығарады. Сол кезде иткөйлекті шешіп, басқа көйлек кигізеді. Қырқынан шығарып, иткөйлекті шешкеннен кейін ата-анасы оны тұмар ретінде сақтап қояды, кейінірек батырлар жауға шапқанда, оны қойнына тығып, өзімен алып жүрген", - деп түсіндірді Болат Бопайұлы.
"Баламыз көп болсын" деген ниетпен алғашқы сәбиге кигізген иткөйлекті келесі балаға деп сақтап қойған. Иткөйлекті баланың ырысы мен қуаты басқаларға кетіп қалады деп өзгелерге бермеген. Алайда баласы жоқ әйелдер бала сүйсек деп ырымдап алған. Ондайда баланың анасы иткөйлектің бір шетінен кесіп алып қалған. Кейде иткөйлекті "оттай қаулап жасай берсін" деп отқа өртеген.
Сонымен қатар, сол адамға тартсын, ұқсасын, соның жолын берсін деп сыйлы адамдардың іш киімінен балаға иткөйлек тігетін де ыдым бар.
Мысалы, қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов күйші Динаның жыртысынан иткөйлек киген екен. 1955 жылы Дина Нұрпейісова қайтыс болғанда жыртыс мата таратқанда, Еділ Құсайыновтың анасына қызыл түсті бұл тиген. Сол жыртыстан анасы иткөйлек тоқып, баласына кигізген.
Баланы қырқынан шыққан соң иткөйлекке тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлайды. Балалар итті қуып жетіп, иткөйлекке түйілген тәттіні бөліп алады да, киімді иесіне қайтарады. Бұл ғұрып "ит қуу" деп аталған. Сәбидің пәле-жаласын қырық жаны бар ит өзімен бірге алып кетеді деп сенген. Балаға иттің жүйрік, алғыр қасиеттері дариды, сәби күшікше бауырын тез көтеріп, жаны берік, "итжанды", яғни төзімді болады деп ырымдаған.
Айта кетейік, бұған дейін балаға қатысты салт-дәстүрлер туралы хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Күзде құлақ тесуге бола ма?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә