"Аты - Ғарышкер". Тоқаев Димаш Құдайбергенге ерекше сыйлық жасады

"Аты - Ғарышкер". Тоқаев Димаш Құдайбергенге ерекше сыйлық жасады
Фото: әлеуметтік желі

Әнші Димаш Құдайберген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ерекше сый алды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Достар, танысып қойыңыздар, бұл - менің жаңа досым.  Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы - біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған "Жеті қазынаның" бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. "Тазы" атауы парсы тілінен енген, мағынасы "шапшаң", "епті". Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын! Тазының атын "Ғарышкер" деп атадық", - деп жазды әнші.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dimash Qudaibergen (@kudaibergenov.dimash)

Президенттің кеңесшісі - Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де әнші бұл сыйлыққа ерекше қуанғанын айтты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлады. Димаш тазыға "Ғарышкер" деп ат қойып, желіге суреттерін жүктеді. Президенттің сыйлығына Димаштың ерекше қуанып, риза болғанын айта кеткен жөн. Жалпы қазақтың тазы тұқымын әлемдік деңгейде насихаттауда Димаш үлкен іс атқара алады деп ойлаймын. Өйткені жер жаһанды жауһар өнерімен жаулаған дарабоз әнші ұлттың дәуірлерден жеткен құндылықтарын дәріптесе, дүниежүзіне даңқы жайылмақ. Бұл да Мемлекет басшысы айтатын креативті индустрияның бір бағыты болады деген сенімдемін", - деп жазды ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова