Маңғыстаулық жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Маңғыстаулық жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
Фото: mangystaumedia.kz

"Отбасы банкі" және Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұдан былай 35 жасқа дейінгі өңір тұрғындары жастар ипотекасына қатыса алады.

"Маңғыстау жастар үшін жағдай жасап жатырмыз. Жастар бастапқы жарнасы 10 пайыз төлеммен облыстың қалалары мен аудандарында тұрғын үй сатып алуға 10 млн теңгеге дейін және Ақтауда 15 млн теңгеге дейін несие ала алады. Мұндай жағдай қала мен облыс жастарының қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Арнайы сайтта өтінімдерді қабылдау екі аптадан кейін басталады және толығымен ашық болады. Бұл пилоттық жоба және басқа салалардың үлгісі бойынша қаржыландыру көлемі өсетініне сенімдімін. Жастар үшін пәтер мәселесі өте маңызды, бұл жастардың отбасын құруға деген ұмтылысына, шығын статистикасына әсер етеді. Облыс әкімдігінің бастамасын жастар жақсы қабылдайды деп ойлаймын", - деді "Отбасы банкі" басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Облыс әкімдігі жастарға арналған ипотекалық бағдарламаның бастапқы кезеңін іске асыруға 500 миллион теңге бөледі. Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы орган қалыптастырады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдік қатысушылар пулын қалыптастырады.

"Маңғыстау жастары" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар мынадай: өтінім беру сәтінде қатысушының жасы 35 жастан аспауы тиіс, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда жеке тұрғын үйі болмауы, соңғы 2 жыл ішінде Маңғыстау облысында тұрақты тіркеуінің болуы, соңғы 6 айда бір адамға шаққандағы табысы 150098 теңгеден аспауы керек, өңірде ресми түрде кемінде 1 жыл жұмыс істеуі керек. Тұрғын үй қатысушының тіркеу мекен-жайы бойынша сатып алынады. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады", - деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы