Инспектор хаттама толтыру кезінде қателесіп кетсе, айыппұлды алып тастауға бола ма?

Инспектор хаттама толтыру кезінде қателесіп кетсе, айыппұлды алып тастауға бола ма?
Фото: pixabay

Автокөлік жүргізушісі өмірінде бір мәрте болсын айыппұл арқалайтыны анық. Әрине, темір тұлпар тізгіншісі мұны әдейі істемейді. Алайда протокол толтыру кезінде инспектордың қателесіп кететін сәттері болады. Мұндай жағдайда айыппұлды алып тастауға болады ма? Айыппұлға онлайн режимде қалай шағымдануға болады? Massaget.kz тілшісі біліп көрді. 

Полиция қызметкерлері тоқтатып, құжаттарды сұраған кезде қалтыраудың қажеті жоқ. Сізге толтырған хаттамаға да келіспеуге толық құқығыңыз бар. Заңгер Ғабит Өмірбек айыппұлды заңсыз деп есептесеңіз сот арқылы күшін жоюға болады дейді. 

Фото: instagram.com / gabit.omirbek

"Хаттама заңсыз толтырылған болса немесе хаттама толтыру барысында құқық бұзушы келіспеген жағдайда заң жүзінде күшін жоя алады. Ал егер хаттама қате толтырылса әкімшілік полиция басқармасы бастығына арыз жазуы тиіс. Егерде олар өздерінің қателігін мойындап, хаттамада кеткен қателікті түзетсе мәселені өзара шешуге болады. Полиция қызметкерлері хаттаманы заңды толтырғанын алға тартса, сот арқылы айыппұлдың күшін жоюға болады. Сондай-ақ келтірілген моральдық шығынды сол хаттаманы қате толтырған инспектордан өндіріп ала алады", - дейді заңгер. 

Сонымен қатар айыппұлға онлайн режимінде шағымдануға болады. Gov.kz порталының мәліметіне сәйкес егер айыппұлдар қате салынса, онда азаматтар Qamqor.gov.kz порталы арқылы өзі шағымдана алады.

"Qamqor.gov.kz сайттың басты бетінде "Әкімшілік құқық бұзушылықтарға шағымдану" қызметін таңдап, әкімшілік істер бойынша өтініш беру батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы авторлану қажет. Өтінішті тек әкімшілік процеске қатысушылар өздерінің электрондық-цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) көмегімен бере алады. Айыппұл төлеу қажеттілігі туралы ұйғарымға шағым, наразылық ӘҚБт К-нің 817-бабында көзделген мерзім өткеннен кейін 10 тәулік ішінде берілуі керек", - делінген хабарламада.  

Жол ережесін бұзбай, көлік жүргізу кезінде абай болыңыз! 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов