- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматының қақ ортасында...
Алматының қақ ортасында қаңырап тұрған ғимарат бұралқы иттер мен үйсіздердің панасына айналған
Әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы Абай көшесінде орналасқан даңғарадай ғимарат үйсіздер мен бұралқы иттердің панасына айналғаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі бұл ғимарат бұрын қандай мақсатта пайдаланылғанын, болашақта орнына не салынуы мүмкін екенін анықтады.
Журналист Амангүл Хамидолла Абай 69 мекенжайында орналасқан ғимараттың жай-күйіне алаңдап, бір күн бұрын видео жариялады. Видеода ғимарат қоршалмағаны, есік-терезесі сынып, қаңырап жатқаны анық көрінеді.
"Қаланың қақ ортасы, Абай, Сейфуллин қиылысы. Даңғарадай ғимарат тоналып кеткен, есік-терезесі жоқ. Бомждардың, маскүнемдердің орнына айналған. Үлкен ғимарат. Күнде қасынан өткеннен кейін жаның ашиды екен. Мына ғимаратқа жаны ашитын азамат жоқ па? Қаңғыбас иттер мен маскүнемдердің панасына айналған. Қаңырап тұр", - дейді видеода алматылық.
Massaget.kz тілшісі мәселенің анық-қанығына жету үшін ғимарат орналасқан мекенжайға барды. Мекенжайда осы ғимаратты ретке келтіру үшін өткізілген тендерді ұтып алған "Жетісу сәулет құрылыс" ЖШС өкілдері болды. Компания архитекторы Ирина Витальевна бұл ғимарат шамамен 60-жылдары салынғанын, бұрын теміржолшылар ауруханасы болғанын айтады.
Сонымен қатар, тендерді ұтып алған компания өкілдері жоба аяқталғанын, қазір сараптамада екенін, келесі жылы мамырда құрылыс жұмыстары басталып, 2025 жылы берілетінін мәлімдеді. Архитектордың сөзінше, бұл жер толық бос болмаған, кейбір жерлері жалға берілген. Кейін жалға берушілер де көшіп кетіп, ғимарат қазіргі күйге түскен.
Мәселеге қатысты Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы да пікір білдірді.
"Қала бойынша балаларға арналған 5 мемлекеттік оңалту орталығы бар. Соның ішінде әртүрлі жарақат алған балалар бар: төбеден құлаған, көлік қаққан. Оларға ауруханаларда тиісті ота жасалғаннан кейін оңалту бағдарламасы керек. Жарақат алған, даун синдромы, неврологиялық ауруларға шалдыққан, одан бөлек, онкологиямен ем алған, әрі қарай оңалту бағдарламасын қажет ететін балалар осында емделеді", - дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков.
Сондай-ақ, ғимарат мемлекет тапсырысы бойынша қайта қолға алынғаны айтылды.
"Бұл 0 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы болады. 250 орынға арналған. Қаладағы барлық оңалту орталығын бір жерге ұйымдастырып, осы жерден тиісті ем курсын алады. Бір ем курсына кіргенде, 18-20 күндей емін алады", - дейді ол.
Қала тұрғындарын алаңдатқан ғимараттың орнында енді мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы болады екен. Ресми атауы - балаларды оңалту орталығы ретінде оқу-клиникалық орталығының ғимараты.
Бұған дейін тамызда да қала тұрғындары осы мәселені көтерген еді.
Ал Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуде ғимараттың тарихи орны сақталып, іші жаңа жабдықтармен қамтылатынын айтқан еді.
Алайда ғимарат кешеге дейін қоршаусыз күйде тұрды. Ал бүгін әкімдікке сұрау салуымыздан соң ғимараттың айналасы қоршалғанын байқауға болады.
Суреттер: Болат Айтмолда/Massaget.kz
Сонымен қатар, бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігіне ресми сауал жолданды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова