- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Келіншегім балалармен тастап...
"Келіншегім балалармен тастап кетті". Жалғызбасты әке аспаздықтың арқасында балаларын аяқтандырған
Қызылордалық Сайлау Серікбаев – жалғызбасты әке. Ширек ғасыр бұрын басталған аспаздық кәсібінің арқасында балаларын үйлендірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жасы 45-ке таяған кейіпкеріміздің тағдыр жолында кедір-бұдыр көп болғанға ұқсайды. 19 жасында отау көтерген ол - бүгінде 4 баланың әкесі. Қыздарының алды тұрмысқа шығып, сәби сүйді.
"14 жыл отасқан келіншегім тура жолдан тайып, мені балалармен тастап кетті. Ол кезде үлкен қызым 13-те, ал кенжеміз 2,5 жаста еді. Тәрбиесі бұзылады деп, балаларды интернатқа бермедім. Үлкендерді мектепке жіберіп, кішкентайымды жұмысқа ертіп апаратынмын. Бір айлық жетпейді. Амал жоқ, түнде немесе таңертең ертемен, балалар тәтті ұйқыда жатқанда көшеден бөтелке теріп келемін. Сосын ақшасына өткіземін", - деді жалғызбасты әке.
Кейіпкеріміз келіншегімен заңды түрде ажырасса да алимент дауламапты. "Намысқа тырыстым" дейді.
Сайлау Серікбаев 17 жасында Қызылордадағы мейрамханалардың біріне аспаздың көмекшісі болып орналасқан. Сол кезде бауырлары "ер адамға жараспайды" деп бұл салаға жолатқысы келмепті. Бірақ әке-шешесі "ердің, әйелдің жұмысы деген жоқ, нан тапса болды" деп батасын берген екен. Кез келген тамақты бар ынтасымен дайындайтын ол 3 айдың ішінде-ақ бас аспаз дәрежесіне көтерілген. Негізгі жұмысынан босаған кезде той-томалақ, ас-құдайыларға барып, қосымша ақша табады.
"Өзбек, түрік тағамдарын әзірлеген ұнайды. Қазақ болсам да, алатақиялы аспазға өзбекше тамақ жасауды үйреткенім бар", - деді ол.
1 ұл, 3 қызды жалғыз өзі өсірген кейіпкеріміз баспана мәселесі қинайтынын жеткізді.
"Үй кезегіне 10 жыл бұрын тіркелсем де ала алмай жүрмін. Көпбалалы толық отбасылардың өзі үйлі болып үлгерді. Қыздарым тұрмысқа шықса да пәтерден пәтерге көшіп жүр", - деді Сайлау Серікбаев.
Ал аспаз ретіндегі басты арманы – жеке мейрамханасын ашу.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы