- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда арық жапыраққа...
Алматыда арық жапыраққа толып қалды: қала көшелеріндегі тазалыққа кім жауапты?
Алматыға күз келгелі қала тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе - арық жүйесін реттеу. Күзде сарғайып, қураған жапырақ түсіп, арықтарда толып қалады. Ал еліміздің оңтүстік астанасына аптасына бірнеше рет жауын жауады. Тұрғындардың айтуынша, жапыраққа толған арық көп жағдайда суға толып қалып, тасып кетеді. Ал жауын суы асфальтта жиналып, кейін ол опырылып қалуы мүмкін. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Қала көшелеріндегі тазалыққа кім жауапты? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Редакциямызға қала тұрғындары қаладағы арықтар мәселесі туралы жүгінді. Олардың айтуынша, қазір арықтарда ағаштан түскен жапырақ толып қалған. Жауын жауса, жапырақ салдарынан арық бітеліп, жауын суы тасиды.
Massaget.kz / Болат Айтмолда
Редакция тілшілері мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Алматыдағы Байтұрсынұлы мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысынан Абай даңғылына дейінгі арықтарды шолып шықты. Шынында да, арықта қураған жапырақ толып қалған.
Massaget.kz / Болат Айтмолда
Қураған жапырақ тіпті қаланың көрікті жерлерінде де шашылып жатыр. Редакция бұл мәселеге қатысты әкімдік өкілдерінен пікір білдіруін сұрады.
Massaget.kz / Болат Айтмолда
Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы өкілдері қалада жаңбыр жауған күндері коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істейтінін айтты. Ал кеше Алматыда сағат 11:30-дан бастап жауған жаңбыр кешке дейін жалғасты.
"Арық арқылы судың кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету үшін 39 патруль бригада жұмылдырылды. Су тасқынының алдын алу және жою үшін барлығы 199 бірлік арнайы техника, 22 мотопомпа және 761 жұмысшы кезекшілікке шықты. 1850 қап құм жиналды. Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел кезекшінің ақпаратынша, су тасқыны тіркелген жоқ", - деді басқарма өкілдері.
Алматы әкімдігі мәліметінше, Аудан әкімдіктерінде жағдайды бақылау үшін кезекшілік ұйымдастырылған.
Massaget.kz / Болат Айтмолда
Редакция сауалынан кейін әкімдік өкілдері Байтұрсынұлы мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы арықтардың тазаланғанын жеткізді. Тіпті есеп беріп суретін де жолдады. Яғни біздің сұрау салуымыздан соң ғана тазарды. Әйтсе де оған өз уәждері бар екен.
"Бұған дейін де арықтар тазаланған. Жақын маңдағы кәсіпорын нысандары аумақты тазартқаннан кейін де жапырақтың түсуіне байланысты оны арықтарға лақтырған", - дейді әкімдік қызметкерлері.
Алайда тұтас Қарасай батыр көшелерінен бастап Абайға дейінгі аралықтың бәрін жолай орналасқан мекемелер толтыруы мүмкін бе? Қыста қардан, күзде жапырақтан тазартылуы қиын көшелер мәселесі назар аудартпай қоймайды. Айта кетейік, Алматының жол желісін тазалау жұмыстары 2318 көшеде жүргізіледі, оның жалпы ұзындығы - 2698 шақырым.
25 миллион шаршы метр аумақта санитарлық тазалауды 10 мердігер ұйым жүргізеді, оның 70 пайызын "Алматы Тазалық" мекемесі тазартады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек