"Ақша түссе болды, басқасына бас қатырмайды": қазақстандықтар опат болып жатқан "АрселорМиттал Теміртау" туралы не белгілі?

"Ақша түссе болды, басқасына бас қатырмайды": қазақстандықтар опат болып жатқан "АрселорМиттал Теміртау" туралы не белгілі?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қарағанды ​​облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 45 адам қаза тапты. Қаралы жағдайдың себебі газ метан жарылуы екені айтылды. Оқиға кезінде шахтада 252 адам болған. 205 кенші жер бетіне шығарылған. 29 қазанда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Massaget.kz тілшісі шахта тиесілі "АрселорМиттал Теміртау" туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

Америка, Бразилия, Канадада да кен өндіреді: "АрселорМиттал" қай елдерде жұмыс істейді?

Компания сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, "АрселорМиттал" металлургия және тау-кен өнеркәсібімен айналысады. Компания құрамында 222 мың қызметкер жұмыс істейді. Ал бүкіл әлем бойынша 1400-ден аса зерттеуші мен 11 зертхана жұмыс істейді. Одан бөлек "АрселорМиттал" компаниясының әлемнің 60 елінде өкілдігі бар.

©️ Tengrinews.kz 

"АрселорМиттал" металлургиялық қызметін төрт континентте жүргізеді. Олар болаттың 35 пайызын Америкада, 47 пайызын Еуропада және 18 пайызын басқа аймақтарда, соның ішінде Қазақстан, Оңтүстік Африка және Украинада өндіреді. Ал тау-кен қазу саласы бойынша Алжир, Босния және Герцеговина, Бразилия, Канада, Қазақстан, Либерия, Мексика, Украина және АҚШ сияқты елдерде кен өндіреді.

"АрселорМиттал" компаниясының акциялары Нью-Йорк, Амстердам Париж, Люксембург, Барселона, Бильбао, Мадрид және Валенсия қор биржаларында бағаланады.

Ең ескісі, қаза тапқан шахтердің есімі берілген: апат болған Костенко шахтасы туралы не белгілі?

Компания тарихы 1942 жылдан басталады. 1942 жылғы 1 қазанда КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің өкімімен Қараметхалком Атасу кен орнының темір кендері базасында Қарағанды металлургия зауытын салуға жобалық тапсырма әзірлеу ұсынылған. Ал 2004 жылы "Испат-Кармет" ААҚ "Миттал Стил Теміртау" АҚ болып өзгертілген. 2007 жылы "Миттал Стил Теміртау" АҚ "АрселорМиттал Теміртау"АҚ болып өзгертіліпті.

Компания құрамына болат департаменті, көмір кені департаменті, темір кені департаменті, құбыр зауыты, "Энергоуголь" ӨБ кіреді. 

arcelormittal.kz

Көмір департаменті 1996 жылы маусымда құрылған. Бұл департамент құрамына мына шахталар кіреді: "Абай" шахтасы, "Саран" шахтасы, "Қазақстан" шахтасы, "Шахтинск" шахтасы, "Тентек" шахтасы, Костенко атындағы шахта, Ленин атындағы шахта, Күзембаев атындағы шахта, "Восточная ОБФ" кен-байыту фабрикасы.

45 адам қаза тапқан Костенко атындағы шахта - ең бірінші құрылған шахталардың бірі. Ол 1934 жылы "Гигант" және "Гигант-Б" шахталары оқпандарын салу кезінде басталды. 1934 жылғы 13 тамызда "Гигант-А" шахтасына 1934 жылы 27 шілдеде әуе апатынан қаза тапқан "Қарағандыкөмір" тресінің басқарушысы И.А. Костенконың аты беріліпті.

©️ Tengrinews.kz

"Ақша түссе болды, басқасына бас қатырмайды": "АрселорМиттал Теміртау" туралы пікірлер қандай?

Бұл шахталарда болып отырған бірінші жағдай емес. Бірнеше ай бұрын ғана, яғни 27 тамызда "Саранская" шахтасында өрт шығып, адамдар эвакуацияланды. Ал одан он күн бұрын "АрселорМиттал Теміртаудың" Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында бес адам қаза тапты.

  • 2008 жылы "Абай" шахтасында 30 адам, осы жылы "Тентек" шахтасында бес адам, 2009 жылы "Тентек" шахтасында үш адам, 2010 жылы Күзембаев шахтасында екі адам, 2017 жылы "Қазақстан" шахтасында үш адам, 2017 жылы да "Абай" шахтасында 6 адам, 2022 жылы Ленин шахтасында бес адам мерт болған еді.

©️ Tengrinews.kz

Massaget.kz-ке "Қазақстан" шахтасында еңбек етіп, кейін жұмысынан айырылған кенші сұхбат та берген еді. 

"Миттал - капиталист. Оларға ақша түссе болды. Басқасына бас қатырмайды. Адам өмірін ойыншық көреді. Барлық кенші бұл компанияның құлына айналды. Жұмыс жасаса, өміріңе қауіп төнеді, одан бас тартса, отбасын асырай алмайды. Амал жоқ көнеді", - деген еді кенші.

"Миттал мырзамен жолымыз бір емес! "Арселор" отандастарымыздың өлімімен байып отыр"

Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Құдайберген Бексұлтанов та "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасындағы апатқа қатысты пікір білдірген еді.

"...Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлдем тырыспады. Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді - Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді! Миттал үшін отандастарымыз жай ғана шығын материалы іспетті. Қынжылмай құтыла салады. Бізге мұндай инвестордың керегі жоқ. Біз көмір өндіру және байыту, болат балқыту технологиясын дамытудың ондаған жылын жоғалттық. Ол аз болғандай, осы нысандарда отандастарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Бұдан арылудың бір ғана жолы бар - мемлекет Митталдың компаниясын елден шығарып, Қазақстанның жер қойнауы мен отандық өнеркәсіпті пайдалануы туралы онымен жасалған барлық келісімді бұзуы керек. Бұдан былай мұндай сорақылыққа неге төзе беруіміз керек екенін түсінбеймін. "Арселор" отандастарымыздың өлімімен байып отыр", - делінген еді мәлімдемеде.

Басқарушысы күніне 1 миллион жалақы алған: "Митталдың" байлығы туралы не белгілі?

1995 жылы Лакшми Миттал Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатын сатып алды, оның негізінде атышулы "АрселорМиттал Теміртау" құрылды.

Лакшми Миттал - үнді кәсіпкері, әлемдегі ең ірі металлургиялық топтың негізін қалаушы және Mittal Steel Company N.V. иесі, әлемдегі ең ірі металлургиялық Arcelor Mittal компаниясының тең иесі. Forbes бойынша 2008 жылы Миттал әлемде байлығы жағынан төртінші орынға ие болған (45 миллиард АҚШ доллары).

mnogo-deneg.net

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Лакшмидің әкесі де Мохан Миттал Ispat ірі болат фирмасының иесі болған. Университетті бітіргеннен кейін Лакшми отбасылық бизнеске араласқан. 1976 жылы Үндістанда болат өнеркәсібін дамытуға қойылған шектеулерге байланысты Лакшми Миттал бизнесін Индонезияға көшірген, онда Ispat ISO болат зауыты салынды. 30 жылдан аса уақыт ішінде Ispat International әлемнің барлық дерлік аймағында пайда болды.

Сондай-ақ, деректерде Митталдың Лондонда 12 жатын бөлмесі бар сәнді зәулім сарайы бары, 2007 жылы Лондонның ең бай тұрғыны болып танылғаны айтылады.

Одан бөлек ашық деректерде Митталдың құны миллион долларлық бірнеше яхтасы бары туралы да деректер бар. 

Ақорда

2022 жылы Лакшми Миттал Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуық арада "АрселорМиттал" компаниясы Қазақстанға 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция құятынын, оның басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға бағытталатынын жеткізген еді.

Ал "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басқарушысының жалақысы күніне 1,01 миллион теңге болған. Бұл деректі Finance.kz Telegram-арнасы жариялады. Компания басқарушысы Палаватху Кришнан Наир Биджуге 2021 жылы 375,9 миллион теңге жалақы берілген. Яғни ай сайын бұл сома 31,3 миллион теңге болса, күніне 1,01 миллион теңге болған. 2022 жылғы деректер жоқ. 

"Палаватху Кришнан Наир Биджу 2020 жылы 344 миллион теңге, 2019 жылы оның алдында басқарушы болған Парамжит Сингх Калон 328 миллион теңге алған", - делінген жазбада.

2022 жылғы деректерге сәйкес, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының таза табысы 215 миллиард теңге болған. 

Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал кеше қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова