"3,5 миллион теңгеге жуық жәрдемақы, тегін билет". Мемлекеттік марапат алғандарға қандай сыйақы, жеңілдік беріледі?

"3,5 миллион теңгеге жуық жәрдемақы, тегін билет". Мемлекеттік марапат алғандарға қандай сыйақы, жеңілдік беріледі?
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда бірқатар адамды марапаттады. Олардың арасында "Қазақстанның Еңбек Ері", "Қазақстанның халық әртісі", "Еңбек сіңірген қайраткер", т.б. атақ, орден, медаль алғандар болды. Massaget.kz тілшісі атақ алғандарға, орден, медальмен марапатталғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын, қанша сыйақы берілетінін анықтады.

Азаматтығы жоқтар да алуы мүмкін: мемлекеттік марапат кімдерге беріледі?

Жауапты орган мәліметінше, мемлекеттiк наградаларды Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі, Қазақстанның даму жолына қосқан үлесі үшін ел азаматтары, шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар да алуы мүмкiн. Марапат 1995 жылғы 12 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы" ҚР заңына сәйкес беріледі.

Ақорда

Қазақстанда қанша мемлекеттік атақ, орден, медаль бар?

Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері қандай марапаттар мемлекеттік марапаттар қататарына жататынын айтты:

1) "Алтын Қыран" орденi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтары атағы;
2) Қазақстан Республикасының ордені ("Отан", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, "Барыс", "Даңқ", "Айбын", "Парасат", "Достық", "Ел бірлігі", "Құрмет", "Еңбек Даңқы". Барлығы - 10 орден).
3) Қазақстан Республикасының медальдары ("Ерлiгi үшiн", "Жауынгерлiк ерлiгi үшiн", "Ерен еңбегi үшiн", "Шапағат". Барлығы - 4 орден).
4) Қазақстан Республикасының құрметті атақтары ("Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы", "Қазақстанның халық әртісі", "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы", "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы", "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы", "Қазақстанның халық жазушысы". Барлығы - 7 атақ).
5) "Қазақстан Республикасының құрмет грамотасы" бекітілген.

"Мемлекеттік наградаларға ұсыну, оларды тапсыру тәртiбi, басқа да құжаттар мен ережелердi Президент бекiтеді, награда мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарды алдын-ала қарау және әзiрлеуді ҚР Президенті жанынан Мемлекеттiк наградалар жөнiндегi комиссиясы жүргізеді", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабына.

Ақорда

Қандай марапаттарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы беріледі?

Ведомство жауабына сүйенсек, Әлеуметтік кодекстің 194-бабына және Педагог мәртебесі туралы заңның 9-бабына сәйкес мына мемлекеттік наградаға ие болған адамдарға ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады:

  • "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған адамдарға 138,63 айлық есептік көрсеткіш. 2023 жылы 1 АЕК 3450 теңге болды. Демек, бұл - 478 273 теңге.
  • "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға 138,63 айлық есептік көрсеткіш; демек бұл да 478 273 теңге. "Қазақстанның Еңбек Ері" атағының иегері салық және коммуналдық төлемдерден босатылады, әуекөлігіне 10 пайыз жеңілдік және қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндіктерін ала алады.
  • "Халық қаһарманы" атағына ие болған адамдарға 138,63 айлық есептік көрсеткіш; бұл - 478 273 теңге.
  • "Еңбек Даңқы" орденінің үш дәрежесінің иегерлері мәртебесі бойынша "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына иегерлерге теңестіріледі, яғни 138,63 айлық есептік көрсеткіш; демек бұл да 478 273 теңге.
  • "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағына ие болған адамдарға біржолғы төлеммен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұл - 3 миллион 450 мың теңге.

"Ақпарат саласының үздігі" атанғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат, спорт, мәдениет және архив салалары бойынша ведомстволық наградалары бар.

"Жалпы орталық атқарушы органдардың ведомстволық наградаларына ие болған адамдарға (оның ішінде "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісі бойынша да) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен қандай да бір жеңілдіктер көзделмеген", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабына.

"Еңбек сіңірген спорт шебері" атағын алғандарға қандай жеңілдік қарастырылған?

Туризм және спорт министрлігінің туризм және спорт салалары бойынша ведомстволық наградалары бар. Оларға "Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін", "Құрметті спорт қызметкері", "Туризм саласының үздігі", "Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгілері жатады.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері" атағы туралы сұраққа да жауап берді.

"Бұл спорттық атақты иеленген спортшыларға жеңілдіктер, сыйақы, жалақы немесе үстемақылар қарастырылмаған", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабына.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері" атағы "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңның 35-бабына сәйкес беріледі.

"Бүгінде "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері" атағы иегерлеріне ай сайынғы базалық лауазымдық айлықақысы бойынша 30 пайызға дейін төленеді. Сондай-ақ, айтылған жекелеген санаттарға орталық және мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы келісімшартқа немесе сол мекемелердегі кәсіподақ ұйымының ережесіне сәйкес бір жолғы жәрдемақы төлену мүмкін екенін хабарлаймыз", - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің Massaget.kz-ке жауабына.

Айта кетейік, бұған дейін депутат Дәулет Тұрлыханов сұхбаттарының бірінде Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында жүлде алған спортшыларға қосымша жалақы беріліп тұратынын, ал өзінің спортта сіңірген еңбегі үшін алатын жалақысы 300 мың теңге екенін, бұл ақша өмір бойы берілітенін айтқан еді.

Қандай марапат иелері салық түрлерінен босатылады?

Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері қандай марапат иелері қай салық түрлерінен босатылатынына жауап берді:

  • "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Epi" атақтарына ие болған, үш дәрежелі "Даңқ" орденімен, "Отан" орденімен марапатталған адамдар, "Батыр Ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар көлік құралдарына (атына қанша көлік жазылса да тек біреуіне - еск.) салынатын салықты төлемейді", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабына.
  • "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Epi" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және "Отан" орденімен марапатталған адамдар қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде Салық кодексінің 528-бабының 1-тармақшасында көрсетілген барлық салық салу нысанының жалпы құнынан мүлік салығын төлеуден босатылған", - делінген ведомствоның Massaget.kz-ке жауабына.

Еске салайық, жуырда Бақтықожа Ізмұхамбетов, Алма Шүкежанова "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов және Максим Самородов "Ерен еңбегі үшін" медалін, Мұрат Есенқабылов пен Талғатбек Төлеубаев "Ерлігі үшін" медалін алды. Ал Төлен Әбдік, Смағұл Елубаев, Бексұлтан Нұржекеев "Қазақстанның халық жазушысы" атағын иеленді. "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы Дулыға Ақмолда, Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаеваға берілді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова