Заңсыз құрылыстың зардабы! Алматыда 80-нен аса жер үй сүрілмек

Заңсыз құрылыстың зардабы! Алматыда  80-нен аса жер үй сүрілмек
Фото: Фото: Massaget.kz

Алматыда заңсыз құрылыстың салдарынан 80-нен аса баспана сүрілуі мүмкін. Жер алып, үй салу үшін аэропорттан рұқсат алған Қонаев тұтыну кооперативіндегі бұқара бас жоспардың өзгеріп кеткеніне наразы. Тұрғындардың сөзінше, қайта жоспарлау кезінде баспаналары қызыл сызық бойына өтіп кеткен. Әкімдік пен қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасынан мардымды жауап ала алмаған бұқараның базынасын  Massaget.kz тілшісі біліп қайтты. 

Фото: Massaget.kz. Қонаев тұтыну кооперативінің тұрғындары наразылығын білдіруде

Бұл аумақта 2018 жылдан бері 130 жер телімі сатылыпты. Тұрғындардың әрқайсысы кемінде 10-15 миллион теңгеге жер сатып алған. Алғаш жерді сатып аларда көкейге күмән келтіретін олқылық болмапты. 

Фото: Massaget.kz. Алексей Цапенко - Алматы қаласының тұрғыны.

"Тұрығындар жерді кемі 10-15 миллион теңгеге сатып алған. Менің жер алып, үй салуыма бас аяғы 100 миллион теңге кетті. Үйімді сатып, қарыз алып қауғаланып салған баспанамнан бір күнде айырылғым келмейді. Заңсыз құрылыстың алдын алу үшін жиналып тұрмыз. Барлық тұрғындар қорқып қалды. Себебі мемлекет көп жағдайда адамдардың арызына назар салмайды. Біз үйімізді сатқымыз келмейді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Алексей Цапенко.

Фото: Massaget.kz

Тұрғындар жер сатып аларда барлығы заңға сай Ж1, яғни тұрғын үй құрылысына арналған аумақ санатына кірген. Бірақ жаңа бас жоспарда барлығы басқаша. Сол себепті Михаил Колюгаев егжей-тегжейлі жоспарлауды қайта қарау керек деген ниетте. 

Фото: Massaget.kz. Бұрынғы бас жоспар құжаты. 

"2020 жылы жер сатып алдым. Егжей-тегжейлі жоспарлау бойынша барлығы заңға сай болатын. Ал жаңа бас жоспар бойынша менің үйім қызыл сызықтың бойында екенін мамырда бір-ақ білдім. Time Group құрылыс компаниясы жол бойындағы 18 үйді сүріп тастап, осы аумаққа 9 қабатты 55 үй тұрғызбақ. Олар біздің жерімізді заңсыз иемдену арқылы көпқабатты тұрғын үй салмақ. Біз бұрынғы бас жоспарды қайтадан бекітуді талап етеміз", - дейді Михаил Колюгаев 

Армандаған баспанасына енді қолы жеткенде басы дауға қалған тұрғындар құзырлы органдарға арыздандық дейді. Алайда жауаптылар жазбаша жауап бермей, құрғақ уәдемен шығарып салған

Фото: Massaget.kz.

"2021 жылы жерді сатып алдым. Аэропорттан да рұқсат қағаз алдық. Алайда сәулет-жоспарлау тапсырмасынан рұқсат берілмеді. Біз әкімдік пен қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасына арыздандық. Басқарма өкілдері бас жоспардағы қызыл сызықтар заңсыз екенін айтты. Сондай-ақ бас жоспардағы бірқатар қателіктерге түзетулер жасап, бізге сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілетінін жеткізді. Бірақ бізге ешқандай қағаз жүзіндегі жауап берілмеді", - дейді Қонаев тұтыну кооперативінің тұрғыны. 

Фото: Massaget.kz.

Ауызекі айтылған жауапқа жұрттың сенгісі жоқ. Біз тұрғындардың талабын айтып Түрксіб ауданы қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру қызметінің басшысына бардық. 

Фото: Massaget.kz. Түрксіб ауданы қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру қызметінің басшысы - Бекнар Берікұлы.

"Алматы қаласының бас жоспарының негізінде нақты жоспарлау жобасы жасалып жатыр. Ол келесі жылдың ортасына дейін жоспарланған. Қазіргі таңда Қонаев тұтыну кооперативіндегі жер телімдерінде қызыл сызықтар қарастырылған. Алайда бұл қызыл сызықтар нақты жоспарлау кезінде көшелердің орнына келтіріледі. Ал сүрілу бойынша ақпараттар біздің басқармада қарастырылмаған. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы алдағы уақытта тұрғындарға беріледі. Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ", - дейді Бекнар Берікұлы. 

Фото: Massaget.kz.

Ж 5, яғни 6-12 қабатты тұрғын үйлердің салынуына рұқсат берілгенде, екі қабатты үй салу үшін тұрғындар неге аэропорттан рұқсат алған? Көпқабатты тұрғын үйдің құрылысының заңдылығын құзырлы органдар тексеруі тиіс. Өйткені жылдар бойы еңбектеніп салған баспанасынан ағайынның айырылғысы жоқ. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов