"Ескі Қазақстанның былықтары". Депутат Саиров экс-министр Бекетаев не үшін ұсталғанын түсіндіріп берді

"Ескі Қазақстанның былықтары". Депутат Саиров экс-министр Бекетаев не үшін ұсталғанын түсіндіріп берді
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров экс-министр Марат Бекетаев не үшін ұсталғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, Марат Бекетаевқа қызметтік бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған. Ол 2016-2022 жылдар аралығында Әділет министрлігін басқарған. Бұл қызметтен қаңтар оқиғасынан кейін босатылды. 

"Марат Бекетаевқа қатысты мынандай деректер бар: 2010 жылдары Молдавия республикасының сол кездегі президенті Воронин Нұрсұлтан Назарбаевқа "Қазақстанда Стати деген кәсіпкер жұмыс істеп жүр, өзі Сороспен байланысты, сондықтан оны қуып жіберуіңізді өтінемін" деп өтініш жасайды. Сол кезде Назарбаев өзінің шешімімен Статиді қуып, бүкіл мүлкін кәсіпкер Құлыбаев алып алды деген ақпарат бар. Бірақ бұл ақпарат әлі сот арқылы дәлелденбеген. Енді шетелге шыққан соң Стати Қазақстанды сотқа береді ғой. Сол шет ел юрисдикциясында Статимен соттасу үшін осы Бекетаев фирма құрып, бюджеттен жүздеген миллион доллар бөлінеді. Стати жеңе береді, Қазақстан жеңіле береді. Бірақ Қазақстан жеңілген сайын жаңа бюджеттен ақша көбейе береді. Ол лоббилік топтарды, адвокаттарды жалдайды. 

Шетелдегі адвокаттар Қазақстанның ісі дұрыс емес екенін көргеннен кейін ақшаны көп сұрайды, өздері де жымқырған болуы ықтимал. Бюджеттің көптеген миллион доллары 1 адамның волюнтаризмдік шешімі үшін шетелге кете береді. Әрине әділетсіздік болғаннан кейін Қазақстанның жағдайы мүшкіл болды. Осыны пайдаланып, Бекетаев тәрізді азаматтар өздері де бюджеттің ақшасына қол сұғып жіберуі ықтимал", - дейді Ерлан Саиров. 

@erlan_sairov

♬ оригинальный звук - Erlan Sairov

Депутат экс-министр Марат Бекетаевқа қарсы тергеу жұмыстары Ескі Қазақстанның басқа да экономикалық былықтарын шығаруы мүмкін екенін атап өтті. 

"Себебі бұл азаматтар ескі басқарудың ақшаларын өздері шетелге шығарған және шетелде бұл ақшалардың қай жерде жатқанының бәрін біледі. Сондықтан тергеу амалдары активтерді қайтару үшін тағы бір үлкен жаңа серпін берері анық", -  дейді Ерлан Саиров. 

Еске салайық, кеше Антикоррупциялық қызмет бұрынғы Әділет министрін лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша ұсталғанын хабарлаған болатын. 

Антикордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Артынша ұсталған экс-министр Марат Бекетаев екені анықталды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина