• 451.15
  • 503.11
  • 4.94

Депутат Бапи назарбаевтық олигархтар халықтың қарызын жауып беруі керегін айтты

Депутат Бапи назарбаевтық олигархтар халықтың қарызын жауып беруі керегін айтты
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтық олигархтарға тиесілі банктер халықтың берешек қарызын жауып беруі керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сіздер ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? Сауықтырамыз деп Ұлттық қордан банктерге берілген триллиондаған теңге қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? Сіздер халықтың қарызын емес, бірнеше банкті біріктіріп, қыруар қаржыны бір банкке жинастырып, оның бәрін алып кеткен Назарбаевтық олигархтарға тиесілі банктердің халыққа берешек қарызын неге іздемейсіздер? Егер сол триллиондар қайтарылса халықтың қазіргі кредиттік қарызын 10, 20 есе жауып тастауға болар еді", - дейді депутат. 

Осыған байланысты ол өзекті сұрақ қойды.

"Біріншіден, активтерді елге қайтарамыз деп заң қабылдадық. Ол қалай орындалып жатыр? Өткенде уәкілетті орган құру жөнінде хабар болды. Бірақ ол хабар мардымсыз. Президенттің тапсырмасымен сол активтерді қайтару комитетіне 130 адам мүше штат болады деген. Бірақ қазір 30-40 адам деп қана тұр. Нақты комитетте қанша адам бар? Комиссияның құрамында азаматтық қоғам өкілдерінен кімдер бар?", - деді Ермұрат Бапи.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Сіз көтеріп отырған мәселе бойынша ақпаратты беріп отырмыз. Өзіңіз білесіз, 5 қазанда Мемлекет басшысының жарлығымен комитет мен оның штаты құрылды. 900 млрд-тан аса қаражат бар. Осының бәрін мемлекеттің пайдасына қайтардық. Сіздерге оны мәлімет ретінде бердік. Сырттан шамамен 600 млн доллар мемлекетке аударылды. Ауқымды жұмыс әлі жүргізіліп жатыр. Оның ішінде көптеген жер қайтарылды", - деді ол.

Сондай-ақ Бас прокуратура өкілі комиссияның құрамына кімдер кіргеніне тоқталды.

"Әрине, комиссияның құрамы бар. Оған Парламент депутаттары және қоғамдық белсенді азаматтар кірді. Олардың аты-жөнін сізге жеке беремін. Комитеттің реестріне бірлесе отырып шешім қабылданды. Нақты қандай реестрге тұлғалардың кіргеніне қатысты мәселе әлі жабық. Бірақ бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер заңсыздық анықталса, осы реестрге нақты кірген тұлғаларға қатысты шешім жария етіледі. Бірақ бүгінгі регламентті сақтау үшін сізбен жеке кездесіп, мәселе бойынша толық хабар беруге дайынмын", - деді Жандос Өмірәлиев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина