Министрдің орынбасары ұнның неге қымбаттап жатқанын білмейді

Министрдің орынбасары ұнның неге қымбаттап жатқанын білмейді
Фото: pixabay.com

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев елімізде ұнның неге қымбаттап жатқанын түсіндіре алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол журналистерге бұл салаға жетекшілік етпейтінін, нанның бағасын нарық реттейтінін айтты.

"Сіз ішкі саудаға қатысты сұрақ қойып тұрсыз. Қазақстанда - нарықтық экономика. Ұнның барлық экспорттаушы-өндірушілері өнімді экспорттау немесе елдің ішінде сату туралы шешімді өздері қабылдайды. Сұрағыңызға жазбаша түрде жауап берейік", - деді Қайрат Төребаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Вице-министр еліміздегі нанның бағасы Өзбекстанмен салыстырғанда неге қымбат екенін түсіндіре алмады

"Мұнда электр энергиясын, салық және өзге де шығындарды есептеу керек. Өзбек наубайханалары мен қазақстандық наубайханаларының шығындарын қарау керек.
Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстандағы нанның сапасын салыстыру керек. Сондықтан бұл - мәселе өте күрделі. Сіз бізге нақты статистиканы көрсетіңіз. Қандай нан қай жерде неше теңгеге сатылып жатқанын айтыңыз. Біз деректерді салыстырайық", - деді ол.

Айта кетейік, биыл қыркүйекте Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков елімізде ұнның қымбаттап жатқанын растаған болатын.

"2-3 аптадан бері жаңбыр жауып жатыр, бидай кеппей жатыр. Ылғалдылық болғандықтан, ұнның баға өсе бастады... Бүгінде 13 өңірде ұнның 50 пайызға дейін қымбаттағаны рас", - деген еді төраға елордада өткен брифингте.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина