- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Астана сол жағалау...
"Астана сол жағалау мен Бәйтерек маңайынан тұрмайды". Дәулет Мұқаев елордадағы проблеманы көтерді
Депутат Дәулет Мұқаев Астана маңындағы шағынаудандардың мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Үркер шағынауданында тағы да кәріз тазарту станциясы салынатынына халық наразы.
"Астана еліміздің бас қаласы болғанына да 25 жылдай уақыт болды. Бұл ширек ғасырда Елордамыз күннен күнге көркейіп жатқанын жарыса айтып келеміз. Бірақ Астана тек сол жағалау мен Бәйтерек маңайынан тұрмайтынын естен шағаратын секілдіміз. Қала маңындағы шағынаудандардың мәселесі шаш етектен. Соның бірі Үркердегі халықтың үрки қарап отырған кәріз тазарту станциясының (КОС) салынуы. Үрки қарайтындай жөні бар. Осы уақытқа дейін "Астана Су Арнасына" қарасты қалалық кәріз тазарту станциясының зардабын сол Үркерліктер тартып келеді. Жаз болса үйге қамалып, таза ауадан тарылған елдің алды бүгінде ауырып бастаған. Тұрғылықты халық арасында астма, онкологиялық аурулар өрши түскен. Бір кәріз тазарту станциясынан құтыла алмай жүргенде, 2016 жылы қабылданған шешім бойынша тағы 2 кәріз тазарту станциясы салынатынын естіген жұрт наразы", - дейді депутат.
Дәулет Мұқаев басты мәселе оның халыққа өте жақын жерден салынуы екенін айтты.
"Халық саны өсуіне байланысты жалғыз кәріз тазарту станциясының қауқары жетпейтіні түсінікті. Ел оның салынуына емес, тұрғын үй алқаптары маңына жақын салынуына қарсы. Құжаттамаға сүйенсек, нысан Қорғалжын трассасының бойында, "Карамель" ТҮК қарама-қарсы жерге салынады. Тұрғындардан не бәрі ұзақтығы 2 791 метр немесе 3 шақырым қашықтық болады. Одан қала берді КОС2 қала халқы демалатын жасыл желектен бес қадам жерде, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы саналатын Бозоқ қаласының аспан асты музейіне жақын орналаспақ. Елорда халқының мәдени-тынығуына да кедергісін келтіретіні сөзсіз. Мұндай маңызды нысандар қала маңынан тыс аумаққа, кемі 50 шақырым алшақтыққа салынса дейді. Бұл нысандарды салуда жергілікті халықтың пікірі мен рұқсаттары негізге алынбаған, қоғамдық тыңдау ұйымдастырылмаған. Бүгінде петиция жариялап, басым көпшілігі өзінің қарсы екендігін де көрсетіп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына да ақпараттар жариялап, тұрғындар талап-тілектерін бірнеше рет жеткізген. Одан да еш нәтиже болмаған. Экологиялық кодексте, стационарлық көздің және стационарлық көздер жиынтығының жол берілетін шығарындыларының нормативтерін сақтау мониторингі мемлекеттік реттеуге жататын өлшемдердің бекітілген тізбесіне сәйкес өлшеу арқылы жүзеге асырылады делінген. Бірақ та Үркер аймағында мониторинг жүргізілмеген", - дейді депутат.
Депутат Әлихан Смайыловтың атына бірқатар ұсыныс жолдады:
1. "Астана СУ Арнасы" жұмыс істейтін нысанға қоғамның қатысуымен апта ішінде тәуліктің әртүрлі уақытында (түнде де) ауа сынамасын алу үшін экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қажет. Нәтижелерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және қажет шараларды қабылдау керек;
2. Кәріз тазалау станциясы аймағында тұратын астаналықтардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету; атмосфераға SAP ENS EC зиянды заттардың шығарындылары мен төгінділерінің электрон дисплейі бар шығарындылар көзінде автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнату; Алдағы уақытта барлық кәріз тазалау станциясы сүзгілерін жаңа сүзгілерге ауыстыру;
3. Астана қаласының Бас жоспарынан Астана қаласынан тыс Ақмола облысына дейін, қала шекарасынан 50 шақырымнан аса қашықтағы кәріз тазалау станциясы құрылысы алып тасталсын;
4. 2023-2024 жылдары Үркер, Комсомольский, Жағалау шағынаудандарын, Тұран даңғылы бойында, Қорғалжын тасжолы, Айтматов көшесі, Қараөткел бойында орналасқан тұрғын үй кешендерін қалың көгалдандыру жұмыстарын қолға алу.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова