- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ептеп үйреніп келеді"....
"Ептеп үйреніп келеді". Атырауда бір топ азамат әкесіз балаларды бауырына басты
Атырауда кең жүректі ер азаматтар ерекше бастаманы қолға алып отыр. Олар әкесі өмірден озған, жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған отбасындағы балаларға тәлімгер болып, әкелік мейірім сыйлауда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еріктілер қолға алған "Менің тәлімгерім" жобасына қазір он әке қатысып жатыр. Олардың қатарында оқу орындарының басшылары, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер де бар. Біз "Тәлімгер" жобасына қатысып жатқан әкелердің бірі, ақын, қоғам белсендісі, жеке кәсіпкер Арман Жайыққа хабарласып көрдік.
Арман Жайықтың өзі төрт баланың әкесі. Қазір ол әкесі көз жұмған Жақсыбек есімді 8 жастағы балаға мейірімін төгіп жүр.
"Қазақта "Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды" деген сөз бар. Ер баланың қоғамда өз орнын тауып, лайықты азамат болып ер жетуіне әке тәрбиесінің ықпалы ерекше. Мақсатымыз - жалғызбасты ана тәрбиелеп отырған балаға әке жылуын сезіндіру болды", - дейді Арман.
Бастапқыда Арманды кішкентай Жақсыбек тосырқай қабылдаған.
"Суыртпақтап отырып, сөздерін әрең суырып алатынмын. Қазір ептеп үйреніп келеді. Күнінің қалай өткенін, сабақта не істегенін әңгімелеп береді. Өзімнің төрт балам үшін бұл жаңалық болмады. Себебі, үйге жетім балалар көп келеді. Мұндай көңілі жарым балаларға әуелден есігім ашық", - дейді Арман.
Жақсыбекті Арман әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың "Мәншүк: мұз бен жалын жыры" және "Неизвестная война. Маншүк" кітаптарының таныстырылымына апарған.
"Рухани демалыстарымыз жалғаса береді. Біз Жақсыбекпен сенбі, жексенбі күндері кездесіп тұрамыз. Алға қарай осы баланың ер жетіп, отау құрғанға дейінгі өміріне де араласып, барынша қолдау білдіргім келеді. Ең болмағанда бір арманының орындалуына себепші болсам екен", - дейді Арман.
Атыраулық еріктілер қолға алған әке мен балаға арналған "Менің тәлімгерім" жобасы 2,5 айға дейін созылады. Бірақ, Жақсыбекке әлден бауыр басып қалған Арман 4 емес, енді 5 баланың тағдырына жауапкершілік алып отырғанын айтты.
Баян Жанұзақова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы