ІІМ 25 қазандағы митингіге дайындық туралы видеоларға қатысты жауап берді

Фото: видеодан алынған кадр

Биыл 25 қазанда полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл күні заңсыз митинг ұйымдастыруға жол берілмейді. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі Ішкі істер министрлігі өкіліне сұрақ қойды.

"Әлеуметтік желіде жолда кетіп бара жатқан полиция көліктерінің видеосы тарады. Видео авторлары полиция 25 қазанда болатын митингіге дайындалып жатқанын айтады. 25 қазанда полиция күшейтілген режимде жұмыс істей ме? Сіз бұл видеоны көрдіңіз бе? Әлеуметтік желі арқылы адамдарды митингіге шақыру заңды ма? Мұндай әрекетке барғандар жауапқа тартыла ма?" - деп сұралды вице-министрден.

Игорь Лепеха бұл видеоны көрмегенін айтты.

"Бізде адамдар әскери колонна кетіп бара жатса, соғыс басталды, полиция колоннасы кетіп бара жатса, митингіге шыққандарды қуғалы бара жатыр деп ойлайды. Полиция көліктері қайда бара жатқанын білмеймін. Біз неге дайындалуымыз мүмкін? Бүгін тек 17 қазан ғой", - деді ол.

Министрдің орынбасары мереке күндері полиция күшейтілген режимде жұмыс істейтінін, заңсыз митинг ұйымдастыруға жол берілмейтінін мәлімдеді.

"25 қазан (Республика күні - еск.) мемлекеттік мереке ғой. Біз оған дайындаламыз. Біз (ІІМ - еск.) күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Қазір әкімдіктерден барлық іс-шараны сұрап жатырмыз. Онда қоғамдық тәртіпті сақтаймыз. 25 қазанда митингіге шақыруға тоқталайын, оны ДВК мүшелері істеп отыр. Қазақстанда ол заңсыз экстремистік ұйым болып саналады. Біз ешқандай митинг өткізуге жол бермейміз", - деді ол.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz