Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша екені айтылды

Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша екені айтылды
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша екені айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 477,6 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге - 760,1 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге - 1 триллион 717,5 миллиард теңге қарастырылды.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, зейнеткерлер саны - 2 миллион 312  мың адам. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 988 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері - 83 086 теңге, базалық зейнетақы - 37 902 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. 

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60пайызна тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 пайыз. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100 пайыз белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі - бір ай.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина